Мұнайға қызмет көрсетуші кәсіпорындардағы еңбекақы көлемінің теңсіздігін азайту үшін «Самұрық-Қазынаның» тендеріне қатысушылар үшін бағаны түсіру шегі 15 пайыз болып белгіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.
«Еңбек дауларының басым бөлігі негізінен Маңғыстау облысында тіркеліп отырғанын айттық. Осыған байланысты Үкімет, оның ішінде біздің министрлік бұл мәселеге ерекше мән беріп отыр. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов басшылық жасайтын арнайы жұмыс тобы бар. Жаңаөзен қаласының проблемалық мәселелерін шешуге арналған ведомствоаралық штаб бар. Оны облыс әкімі басқарады. Наразылық акциялары мен еңбек даулары негізінен мұнай сервис кәсіпорындарында болып жатады. Бұл жерде мен мұнай сервисі деп қосалқы мердігерлер туралы айтып отырмын. Олардың бәрі өз жұмыскерлерінің айлығын көтеруді талап етіп отыр. Өйткені қосалқы мердігерлердің айлығы бас мердігерлер жұмысшыларының айлығынан әлдеқайда аз», - деді комитет өкілі.
Комитет мамандары осының бәрін ескеріп, талдай келе, «Самұрық-Қазына» компаниясының тендер өткізу тәртібіне өзгеріс енгізу туралы шешім қабылдаған.
«Тендерге қатысу кезінде бағаны төмендету шегі белгіленді. Бұрын бағаны төмендету шегі 30 пайызға дейін болса, қазір 15 пайызға дейін ғана түсіруге болады. Кәсіпорындар қаншалықты көп демпинг жасаса, бөлінетін сома соншалық төмен болады. Егер тендер сомасы төмен болса, қосалқы мердігер тендер құжаттамасы бойынша қызметшілерінің айлығын көтере алмайды. Сондықтан 15 пайыз шектеу қойып отырмыз. Тендер құжаттамасына қосалқы мердігер ұйымның еңбекақысы бас мердігер ұймдағы еңбекақысының 70 пайызынан кем болмауы керек деген өзгеріс енгіздік», - дедйді Төлеген Оспанқұлов.
Оның айтуынша, қосалқы мердігерлердің арасындағы «алыпсатарлыққа» да тосқауыл қойылмақ.
«Бір компания тендерді ұтып алып, тағы бір қосалқы мердігерге беруі мүмкін. Біз бұған да шектеу енгіздік. Бұдан былай тендер ұтып алған медігер қосалқы мердігерге тапсырыстың 25 пайызын ғана өткізе алады. Қазір осының бәрі жемісін бере бастады. Өйткені бұл жұмыс басқа да компанияларға енгізіліп жатыр. Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы да осы тәсілді дұрыс көрді. Энергетика министрлігі жер қойнауын игеріп отырған ірі кәсіпорындардың бәрімен өз жұмысшыларының еңбекақысын көбейту бойынша жұмыс істеп жатыр. Бүгінде 1200 кәсіпорын 1 миллионнан астам жұмысшының айлығын 5-тен 50 пайызға дейін көтерді», - деді комитет басшысының орынбасары.