ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров Қазақстанда қанша ұн қоры сақталғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«7 сәуірдегі жағдай бойынша елдегі ұн қоры 118 мың тоннаға жетеді, оның ішінде: тұрақтандыру қорларында - 10,4 мың тонна, «айналым схемасы» аясында – 22 мың тонна, өндірушілерде – 48,6 мың тонна, қоймаларда – шамамен 20 мың тонна және сауда объектілерінде – 18 мың тонна бар. Аталған көлем ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге толық жеткілікті», - деді А. Сапаров орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге, Азық-түлік корпорациясы ресурстарында 800 мың тоннадан астам астық бар, олар қажет болса жағдайды тұрақтандыру үшін ішкі нарыққа жіберіледі.
«Қаңтар айында өңірлерге әлеуметтік нан үшін бидайды арзандатылған бағамен – 90 мың теңгеге сату жөнінде шешім қабылданған еді. Алайда қаңтар-ақпан айларында еш сұраныс болған жоқ. Тек наурыз айынан бастап өтінімдер түсіп жатыр», - деді Айдарбек Сапаров.
Бұған дейін Астық өңдеушілер одағы елімізде бір жарым аптаға ғана жетерлік бидай қоры қалғанын мәлімдеген еді. Астық өсірушілер мен өңдеушілер бидайды бөлісе алмай дау туғаны, бидай таусылса барлық диірмендер жұмысын тоқтатуға мәжбүр екені айтылған.
Өз кезегінде Айдарбек Сапаров елде ешқандай астық тапшылығы жоқ екенінхабарлады. 1 сәуірдегі жағдай бойынша республикада 6,4 млн тонна астық болған.
Ішкі нарықта тапшылық тудырмау үшін және ұн тартатын кәсіпорындарға жүктемені азайту мақсатында Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 15 сәуір мен 15 маусым аралығында бидай мен ұн экспортын квоталау шешімін қабылдады.
Бидай квотасының көлемі – 1 млн тонна, ұн – 300 мың тонна.