13 қаз, 2023 сағат 19:11

Қазақстан Жайықтан кірмей қалған судың есесін Ертістен толтыра ала ма?

Фото: zhaikpress.kz

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ресей мен Қазақстанның Жайық және Ертіс бассейндеріндегі мүддесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Ресейден бізге Жайық арқылы бес жылда келетін суды Ертіс арқылы бір жылда қайтарып отырмыз. Су саласын басқаратын министр ретінде мұны әділетсіздік деп ойламайсыз ба? Жайықтан кірмей қалған судың есесін Ертістің есебінен толтыру туралы ұсыныстарға не айтасыз?», – деп сұрады журналист министрден.

Нұржан Нұржігітов мұндай ұсыныстар келіссөз арқылы ғана шешілуі мүмкін екенін айтып, қысқа қайырды.

«Әрине, Ертіс пен Жайық мәселесін екі бассейндік инспекция қарайды. Бәрі келіссөз арқылы шешіледі. Тағы да қайталаймын, қандай шешім қабылдасақ та, Қазақстан үшін тиімді шешім қабылдаймыз. Сондықтан, кездесулер де сол бағытта өтеді», – деді ол.

Ведомство басшысы Ресей-Қазақстан арасындағы су қатынасына баға бере алмайтынын айтады.

«Оған біз баға бере алмаймыз. Себебі қазір біз қандай да бір шешім болса да, Қазақстан үшін шешім қабылдауға тырысамыз», – деді министр.