14 мам, 2021 сағат 10:32

Қазақстан ынтымақты зейнетақы жүйесіне орала ма?


Қазақстанның көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі халықаралық стандарттарға сай келеді. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ЭЫДҰ халықаралық институттары мен Дүниежүзілік банк пайымынша, тұрғындар қартаюының жаһандық процесі және олардың жұмысқа қабілетті бөлігіне жүктеменің артуы жағдайында зейнет жасындағы халықтың базалық қажеттілігін қамтамасыз етудегі жұмысшының, жұмыс берушінің жауапкершілігі және мемлекеттік міндеттемесі бар көпдеңгейлі зейнетақы жүйесінің барынша тиімді және тұрақты екендігі мойындалады. Айталық, Melbourne Mercer Global Pension Index (MMGPI) жаһандық зейнетақы индексіне сәйкес, 2019 жылы әлемнің алдыңғы қатарлық зейнетақы жүйесінің үздік 30 еліне жинақтаушы зейнетақы жүйесі бар Дания, Австралия, Чили, Сингапур мемлекеттері кірді», - деді Үкімет басшысы. 

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта Қазақстанның көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі халықаралық стандарттарға сай келеді. 

«Ынтымақты зейнетақы жүйесіне толықтай қайта оралу бірқатар проблема туындататындығын атап өткен жөн. Біріншіден, мемлекеттік бюджетке жүктеме айтарлықтай артады. Ұлттық банк ақпаратына сәйкес, ынтымақты зейнетақы жүйесіне оралған жағдайда 2021 жылдан бастап зейнетақы төлеуге арналған бюджет шығыстары 3,2 есеге ұлғаяды. Бұл ретте жалпы ішкі өнімнен пайызға шаққандағы шығыстар 3,3 пайыздан 11 пайызға дейін артады. Ұзақмерзімді келешекте, 2050 жылға қарай зейнетақы төлеуге арналған мемлекеттік бюджет шығыстары зейнетақы жүйесінің қолдданыстағы параметрлері кезіндегі шығыстармен салыстырғанда 10 есеге көбейеді», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысының дерегінше, ынтымақты жүйеге толық көшкен жағдайда жалақыдан ұсталатын 10 пайыз мөлшеріндегі жарналардың жылдық көлемі 2021 жылы зейнетақы төлемдерінің 1/8 ғана, ал 2050 жылы 1/12 бөлігін ғана жабады. 

«Екіншіден, Қазақстанда өмір сүру ұзақтығының ұзаруы жағдайында келешекте, 2050 жылға дейін әлеуетті қолдау коэффициенті айтарлықтай төмендейді. Мұндай жағдайда зейнетақымен қамтамасыз етудің қаржы көзі не салықтарды, не міндетті зейнетақы жарнасы (жұмысшының немесе жұмыс берушінің есебінен) мөлшерін көтеру қажет болады», - деді Премьер-Министр.