20 сәу, 2023 сағат 00:34

Қазақстан үшін Ресей газының бағасы Еуропаға қарағанда төмен болады – Сәтқалиев


Фото: sk.kz

Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарына тартылуы мүмкін Ресей газының бағасы еуропалық нарықтағыдан бірнеше есе төмен болады, тіпті Беларусь үшін белгіленген бағадан да арзан болуы мүмкін, деп мәлімдеді Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.

"Олар (ресейлік жабдықтаушылар) бізге газды, айталық, Беларуське қарағанда әлдеқайда төмен бағамен береді. Алдын ала келіссөздер жүргізіліп жатыр. Яғни, тиімді жұмыс екіжақты режимде ғана болатынын Ресей де түсінеді. Әрине, бұл еуропалық бағадан бірнеше есе және Ресей-Беларусь шекарасындағы бағадан әлдеқайда төмен болады", - деді Сәтқалиев Үкімет кулуарында.

Оның айтуынша, ведомство "Газпроммен" келіссөз жүргізіп жатыр. Министр әңгіме Қазақстанның қажеттілігін өтеу үшін газ құбырын тарту туралы болып жатқанын нақтылап өтті, сонымен қатар Қытайға да құбыр тарту мүмкіндігі бар екеніне тоқталды.

Еске салайық, бұған дейін экс-энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстан "Сарыарқа" газ құбырының екінші және үшінші кезеңінің құрылысын бастауды қарастырып жатқанын айтқан болатын.