30 нау, 2022 сағат 14:43

Қазақстан ұнының экспорты көлемін қалай арттыруға болады?


Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманғали Бердалин Қазақстанның ұн тарту өнімі экспорты көлемінің арттыруға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Депутаттар жүргізген талдау бүгінгі таңда ұн экспортының төмендеуінің негізгі себебі импорттаушы елдердің (Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан) тарифтік емес реттеу шараларын және қазақстандық ұнның әкелінуін тежеу бойынша кедергілерді қолдануы болып отырғанын көрсетті. Сонымен қатар, бұл елдер қазақстандық бидайды сатып алуға көшіп, өзінің астық өңдеуін дамыта бастады. Мысалы, 2012 жылдан 2020 жыл аралығында Өзбекстанға бидай астығының экспорты 658 мың тоннадан 3 млн тоннаға дейін 4,5 есе, Тәжікстанға 218 мың тоннадан 1 млн тоннаға дейін 4,7 есе өсті. Бұл Қазақстаннан Өзбекстанға ұн экспортының 342 мың тоннаға дейін 3,6 есеге, ал Тәжікстанға 96 мың тоннаға дейін төмендеуіне негіз болды. Саладағы қазіргі жағдай әбден мүмкін болатын жайт еді», - деді А. Бердалин Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында. 

Оның айтуынша, бүгінгі таңда ұнды өткізудің негізгі нарығы – Ауғанстан, оған Қазақстаннан ұн экспортының үштен екісі немесе 1 млн 152 мың тонна тиесілі. Сонымен қатар, Ауғанстан Қазақстаннан астық сатып алып, оны Өзбекстанға өңдеуге әкеліп, кейіннен толлингтік операциялар аясында Ауғанстанға ұнды қайта экспорттайтын жағдай қалыптасты. 

«Бұл ретте өз ұн тарту кәсіпорындарын қолдау үшін Өзбекстан Ауғанстан «астық берушілеріне» кедендік баждар мен салықтар бойынша преференциялар береді және қазақстандық өндірушілердің ұнын Өзбекстан аумағы арқылы Тәжікстан мен Ауғанстан бағытында тасымалдау кезінде транзиттік тарифті қолданбайды», - деді депутат. 

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, мына мәселелерді қарастыру сұралды:

1) қазақстандық ұнды тасымалдау кезінде (Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан) жергілікті өніммен салыстырғанда тең емес жағдайлар белгілеген үшінші елдер өнімінің Қазақстан арқылы транзитіне қатысты тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларын қолдану мүмкіндігін қарастыру. Мысалы, Ресейден Өзбекстанға Қазақстан арқылы транзит кезінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қолданатын сүрекке (орманға, ағаш материалдарына) және мұнай өнімдеріне төмендету коэффициентін алып тастау, сондай-ақ енгізілетін «Агроэкспресс» жобасы аясында жоғары тарифтерді қолдану;

2) ішкі нарықта астық сатуды ынталандыру, атап айтқанда диірмен кәсіпорындарына бидай сатқан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы шикізатын экспорттау кезінде - 0%, ұн экспорттау кезінде – 100% (Қытай тәжірибесі бойынша) ҚҚС-тың сараланғанын қайтару ұсынылады. Мұндай шара қазақстандық ұн бағасының айырмасын қысқартуға және сонымен бірге Ресейден Қазақстанға астықтың көлеңкелі импортымен күресуге мүмкіндік береді.

3) Қазақстанның барлық ұн тарту кәсіпорындарының мүдделерін есепке алу мақсатында ұнды экспорттау кезінде көлік шығындарын субсидиялау қағидаларын қайта қарау. Қазіргі орын алған жағдайда шикізатты Қазақстанның батыс және оңтүстік өңірлерінің ұн тарту кәсіпорындарына дейін жеткізу ескерілмейді, олар тиісінше тоннасына 7000-9000 теңгені құрайды (Сауда және интеграция министрлігі).

4) ҚҚС асып кеткен сомасын қайтарудың оңайлатылған тәртібін енгізу жолымен ҚҚС қайтару схемасын өзгерту. Бүгінгі таңда көп сатылы жүйе бойынша жүзеге асырылатын экспорттық операциялар кезінде ҚҚС қайтаруға байланысты проблема бар.

«Көрсетілген шаралар жиынтығында саладағы шиеленісті болғызбауға және қазақстандық ұн тарту өнімі экспорты көлемінің өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Ұн өндірісінің артуы оның кебекті қосымша өнімнің, яғни мал шаруашылығына арналған жем-шөптің көлемінде арттырады», - деді депутат.