Фото: ҚР СІМ
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан мен Армения ҰҚШҰ-дан бір мезгілде шығу мәселесін талқылап жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Иә, бір агенттіктен оқып қалдым. Енді әріптестерден анықтауға тырысамын. "Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан шыққалы жатыр" деген ақпарат тарап жатыр. Бұл шындыққа жанаспайды.
Егер Армения өз талаптарын белгілесе, сол елдің ісі ғой. Ол туралы ештеңе айта алмаймын. Ал біз бұл ұйымның шеңберінде әлі жұмыс істеп жатырмыз.
Осыдан бірнеше күн бұрын ҰҚШҰ-ға мүше елдердің Сыртқы істер министрлері өз кеңестерін өткізді. Онда ұйымның одан әрі даму жолдары, ұйым аясындағы өзара іс-қимыл талқыланды. Сондықтан біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз", - деді ол журналистердің сұрағына жауап беріп.
Айта кетейік, Қазақстан ҰҚШҰ-дан шығуға ниетті деген фейктер алғаш рет тарап жатқан жоқ. Мысалы 2022 жылғы 15 қыркүйекте де ҚР Сыртқы істер министрлігі осындай ақпаратты жоққа шығаруға мәжбүр болды.
Еске салайық, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше алты мемлекет бар: Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь, Тәжікстан.