28 нау, 2022 сағат 18:45

Қазақстан Украинаға гуманитарлық көмектің тағы бір партиясын жіберді


28 наурызда Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы қаласынан Польшаның Катовице қаласына Украина азаматтарына гуманитарлық көмектің кезекті партиясын жеткізу үшін арнайы рейс ұйымдастырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жалпы салмағы 17,5 тонна болатын жүк төсек-орын және тамақ сияқты қажетті заттарды қамтиды.

Бұған дейін Қазақстан жалпы салмағы 28,2 тонна болатын 17 түрлі дәрі-дәрмек – антибиотиктер, қабынуға қарсы, жөтелге қарсы және антигипертензивті препараттар түрінде гуманитарлық көмек жіберген болатын. Көрсетілген көмек Украина тарапының өтініші негізінде Мемлекет басшысының бұған дейін берген тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды.

Қайтар жолда жүкті жеткізген «Бүркіт» мемлекеттік әуекомпаниясының Ил-76 ұшағы қазақстандық дипломаттардың көмегімен Украинадан Польшаға келген ондаған ҚР азаматтары мен олардың отбасы мүшелерін алып келу жоспарлануда.

Суреттер: ТЖМ баспасөз қызметі