Атырауда Туды көлігіне жауып, жол ережесін бұзған жүргізушіге айыппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, полиция қызметкерлері темір жол вокзалы жанындағы сауда үйінің алдында Қазақстан Республикасының Туын көлігінің капотына жауып алған жүргізушіні ұстаған.
«18 мамыр кешкі сағат 20:30 шамасында «Mitsubishi L300» және «Mercedes Benz» көліктерінің жүргізушілері вокзал алдында жол ережесін бұзып, бірнеше рет айналу маневрін жасаған. Жол жабындысын ластап, сигнал бермеген. Жол қауіпсіздігін сақтамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 595-бабының 1-бөлімімен, 630-баптың 1-бөлімімен хаттамалар толтырылды» -деп хабарлады баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, бұған қоса «Mercedes Benz» көлігінің жүргізушісіне ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 458-бабының 1-бөлімімен (ҚР Мемлекеттік Туын пайдалану және тәртібін бұзғаны үшін) 138 900 теңге айыппұл салынған.