30 мам, 2018 сағат 10:12

Қазақстан тумасы АҚШ-та Yahoo сервисін бұзғаны үшін 5 жылға сотталды

Канада азаматы Кәрім Баратов АҚШ-та бес жылға бас бостандығынан айырылды. 23 жастағы Қазақстан тумасы, сондай-ақ 250 мың доллар көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Канаданың CBC жаңалықтар агенттігі хабарлады.

Былтыр Баратов айып тағылған 9 тармақ бойынша өз кінәсін мойындады. Оған қамауға алынғанға дейін жеті жыл бойы Yahoo интернет-сервисі қолданушыларының есеп жазбасын бұзды деген айып тағылды.

Канадалық хакер мен оның бірнеше сыбайласы Ресей арнайы қызметінің тапсырысымен есеп жазбаларын бұзумен айналысқан. Баратовтың адвокаты оның клиентінің нақты кімге жұмыс істегенін білмейтінін мәлім етті.

Алғашқыда прокуратура Баратовты 7 жыл он айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Баратовтың адвокаттары жазалау мерзімін 3 жыл он айға қысқартуға тырысты.

Олар Баратовтың Yahoo қолданушылары есеп жазбаларын бұзғанда 19 жаста екендігін, бұл қылмысқа әуестікпен барғандығына сендірді.

Оның адвокаттары Эндрю Манчилла мен Роберт Фэнтон сотта клиентінің ешкімге зиян келтіргісі келмегендігін, істеген әрекетіне өкінетінін мәлімдеді.

Деректер бойынша, Баратов 2010 жылдан бері 11 мыңнан астам қолданушының есеп жазбасын бұзып, олардың жеке деректерін сатумен айналысқан. Олардың ішінде мемлекеттік қызметшілер, дипломаттар, қаржы құрылымдарының қызметкерлері, коммерциялық компаниялардың аккаунттары бар.

Баратов тұтқындалған кезде Канаданың Онтарио провинциясында Анкастера қаласының сыртындағы құны 650 мың доллар тұратын үйде тұрған. Ол қымбат көліктерді тізгіндеген. Оның коллекциясында Lamborghini, Porsche, Aston Martin, Mercedes және BMW маркалы көліктер болған. Жас жігіт әлеуметтік желіге жүз долларлық ақша бумаларын ұстап түскен суреттерін салған.

23 жастағы Қазақстан тумасы 2017 жылдың тамызында өз кінәсін толықтай мойындады. Бұған дейін ол өзіне тағылған айыпты теріске шығарып, Канададан АҚШ-қа экстрадицияланудан бас тартқан еді.