06 нау, 2019 сағат 12:31

Қазақстан Тәжікстанға әскери-техникалық көмек көрсетпек

ҚР Парламент Мәжілісі «Қазақстан Үкіметі мен Тәжікстан Үкіметі арасындағы Өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша жұмысты бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Бұл келісімнің мақсаты - Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасына әскери мүлікті беру түрінде өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету. Осы келісім аясында әскери мүліктің тізімі, оқ-дәрілер, қажетті құралдар, инженерлік және медициналық жабдықтар, мүліктің жеткізілуі тәртібі, сондай-ақ тараптардың мүлікті берумен байланысты міндеттемелері анықталады», - деді палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман Мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда ол комитет аталған заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша 2019 жылғы 25 желтоқсанға дейінгі мерзімде қорытынды әзірлеуге дайын екенін атап өтті.