Фото: t.me/pressmfakz
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Израильдегі Әл-Ақса мешіті маңындағы қақтығыстарға қатысты Қазақстанның ұстанымын айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақстан қасиетті "Әл-Ақса" мешітінде мұсылмандарға шабуыл жасалуына байланысты Таяу Шығыстағы шиеленістің өршуіне өзінің алаңдаушылығын білдіреді.
Қалыптасқан жағдайда тараптар ұстамдылық танытып, зорлық-зомбылыққа және ахуалдың одан әрі ушығуына әкелетін қадамдардан, сондай-ақ арандату іс-әрекеттерінен бас тартады деп үміттенеміз", - деді ресми өкіл.
Ол осы ретте статус-кво сақтауды маңызды деп санайтынын жеткізді.
"Қасиетті Рамазан айы мен Песах мейрамы кезеңінде саяси, діни және қоғамдық көшбасшылар бұл шиеленісті азайтуға бар күшін салады деп үміт білдіреміз.
Қазақстан әрдайым толеранттық және діндер арасындағы диалогты нығайтуға шақыра отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сәйкес Таяу Шығыс мәселесін бейбіт жолмен шешуге бағытталған халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін қолдайды", - деді Смадияров.
видео: Tengrinews.kz