22 ақп, 2023 сағат 14:31

Қазақстан шығыстағы өңірлер үшін Ресейден газ импорттауы мүмкін

© AP Photo / Bela Szandelszky

Қазақстанның шығысына газ тарту үшін Ресейден газ импорттау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ол Үкімет кулуарында Ресейден газ импорты мәселесі әлі қарастырылып жатқанын, нақты шешім қабылданбағанын атап өтті.

"Бірінші себебі – техникалық жағдайды анықтау керек. Екіншіден бағаны келісу қажет. Біз шығыс пен солтүстікті газдандыру үшін бірнеше жолды қарастырып жатырмыз. Ең жылдам жолы, әрине, көршілес Ресейден алып келу. Ол көп қаражатты қажет етпейді. Бірақ оның мәселесі бағасында", - деді Ақшолақов журналистер сұрағына жауап беріп.

Министр Қазақстан мен Ресей арасындағы газ саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жол картасында баға мәселесі көрсетілмегенін атап өтті. Ол үшін коммерциялық келіссөз жүргізу қажет.

"Ресейдегі әріптестеріміз газ беретін нүктені бекітуі керек. Барнауыл немесе Омбыдан тартыла ма, қазір олар газ қай жерде жеткілікті, соны есептеп жатыр", - деді Ақшолақов.

Сондай-ақ "Бейнеу-Бозой-Шымкент" газ құбырының қуатын ұлғайтқаннан кейін "Сарыарқа" магистральдық газ құбырының 2-3-ші кезеңдерін салу (құны 188,5 млрд теңге) арқылы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыру ұсынылып отыр.

"Қолданыстағы "Бейнеу-Бозой-Шымкент" құбыры толық және қысқы мезгілде артық орын жоқ. Бірақ тұтынушылардың көлемі өсіп жатыр. Олардың бәрін жабдықтау үшін оған газ құбыры керек", - деді министр.

Үкімет отырысында энергетика министрі Болат Ақшолақов шығыс өңірлерді газдандыру үшін екі нұсқа қарастырылып жатқанын мәлімдеген болатын.

Бірінші нұсқа, "Қостанай-Астана-Павлодар-Семей-Өскемен" бағыты бойынша газ құбырын салу. Бұл қомақты қаражат салуды (2022 жылғы бағамен шамамен 778 млрд теңге), салынған инвестициялардың өтемділігін қамтамасыз ету үшін тұтынушыларға газ тарифтерін ұлғайтуды, сондай-ақ газ кен орындарының жаңа ресурстарын игеруге тартуды талап етеді. Министрліктің болжамынша орта есеппен 7-10 жыл қажет.

Екінші нұсқа, Қазақстан мен Ресей арасындағы газ саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жол картасы аясында Ресей Федерациясынан газ импорты.

"Бүгінгі таңда Қазақгаз Газпроммен бірлесіп "Ресей – Қазақстан – Қытай" халықаралық газ құбырын салу мәселелерін зерделеу үшін алдын ала ТЭН әзірлеу мәселесін пысықтауда", - деді министр Үкімет отырысында.

2022 жылдың қорытындысы бойынша елді газдандырудың жалпы деңгейі халықтың жалпы санының 59%-ін құрады немесе 11,6 млн адам газға қол жеткізді.