Қазақстан шикізаттық емес экспорт көлемін 41 млрд АҚШ долларына жеткізеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің атап өтуінше, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасының «Шикізаттық емес экспортты ілгерілету» бағыты аясында жаңа өндірістерді өсіруге және жұмыс істеп тұрған экспорттаушылардың құзыретін арттыруға бағытталған экспорттық акселерация бағдарламасын дамыту жалғасады.
«1 000 белсенді экспорттаушының сыртқы нарыққа шығуы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар 350 экспорттаушыны электрондық сауда платформасына шығару жоспарланып отыр», - деді ол.
Оның атап өтуінше, мемлекеттік эталондардың халықаралық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету үшін сынақ зертханалық базаларының 30 пайызы жаңғыртылады.
«Экспорттаушыларды сыртқы нарықтарға ілгерілету мынадай іс-шаралар есебінен қолдау табады: экспорт алдындағы және экспорттық қаржыландыру, сақтандыру, айналым қаражатын толықтыруға қаржыландыру, сондай-ақ экспорттаушылардың шығындарын өтеу. Нәтижесінде шикізаттық емес экспорт 41 млрд АҚШ долларына 2 есеге артады», - деді Әсет Ерғалиев.