18 там, 2023 сағат 15:34

"Қазақстан" шахтасында қаза тапқан үшінші жұмысшының денесі табылды

Фото: BAQ.KZ

"Қазақстан" шахтасында іздестіріліп жатқан тағы бір жұмысшының денесі табылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "АрселорМиттал Теміртау" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Үшінші кеншінің денесі табылды. Қазіргі уақытта анықтау жүргізіліп жатыр. Марқұмның әріптестері, компания ұжымы мезгілсіз қайтыс болған азаматтың туған-туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады" - делінген хабарламада.

Сондай-ақ «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қаза тапқан кеншілердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсетіп, көмек беретінін жеткізді.

"Атап айтқанда, жерлеуге байланысты шығындарды жабу; қайтыс болған жұмысшылардың он жылдық жалақысы мөлшерінде отбасына біржолғы төлем; 18 жасқа дейінгі әрбір балаға ай сайынғы сақтандыру төлемі (бала студент болса, 23 жасқа дейін); 23 жасқа толмаған балалардың алғашқы күндізгі оқу нысанындағы оқуына және оған байланысты барлық шығыстарға ақы төлеу; үйі жоқ адамдарға тұрғын үй сатып алу немесе ол үшін біржолғы өтемақы беру;  қолданыстағы тұрғын үйді жөндеуге ақы төлеу; ипотекалық төлемдердің белгілі бір бөлігін жабу; серіктестік кәсіпорындарында әйелдер мен балаларды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу; әйелдер мен балаларға арналған санаторийлер мен балалар лагерлеріне жыл сайынғы жолдамалар" - делінген компания хабарламасында.