20 там, 2023 сағат 01:31

«Қазақстан» шахтасында бесінші кеншінің мәйіті табылды

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында қаза тапқан бесінші кеншінің денесі табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Бұған дейін хабарланғандай, апат кезінде «Қазақстан» шахтасында 227 қызметкер болған. Апатты жою жоспарын дереу енгізу арқылы 222 адам жерге көтеріліп, 5 адам опат болды" - делінген "АрселорМиттал Теміртау" АҚ баспасөз қызметі хабарламасында.

Қаза тапқан кеншілердің аты-жөні:

1. Стешин Денис Геннадьевич, 1978 жылы туған, 4-разрядты жерасты үңгушісі, еңбек өтілі - 21 жыл;

2. Халиков Артур Ринатович, 1994 жылы туған, 4-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі - 10 жыл;

3. Бургун Виктор Сергеевич, 1966 жылы туған, 5-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі - 39 жыл;

4. Слюньков Виталий Владимирович, 1965 жылы туған, 5-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі - 39 жыл;

5. Старовойт Илья Александрович, 1996 жылы туған, 3-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі - 4 жыл.

«Бұл апаттан қатты күйзеліп тұрмын. Біз шахталардың қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін жүйелі түрде жұмыс жасадық, ал бұл апат біздің барлық күш-жігерімізге үлкен зиян келтірді.

Қазір айтуға болатын ешбір сөз жақындарынан айырылған отбасыларды жұбата алмайды. «АрселорМитталТеміртау» атынан бұл апат үшін және шахтадағы қызметкерлердің барлығын сәтті эвакуациялай алмағанымызға үлкен өкініш білдіремін. Біз зардап шеккен отбасыларды қолдау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қазір біздің бар ойымыз әріптестеріміздің отбасыларымен бірге және оларға қажетті қолдауды көрсетеміз» - дейді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Виктор Гафиулов.

«АрселорМиттал Теміртау» апаттың себептерін толық тергеу үшін мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Әзірге барлық факті белгісіз.   

Еске сала кетейік, 17 тамыз сағат 10:05-те «Қазақстан» шахтасында конвейер лентасы өртенді. ТЖ кезінде жер астында 227 адам болған, оның 222-сі құтқарылды. 

Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-тармағы "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Премьер-министр Әлихан Смайылов 19 тамызда апат болған шахтаға барды. Үкімет басшысы қаза болған кеншілердің отбасына мемлекет пен жұмыс беруші тарапынан қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.