20 мау, 2022 сағат 13:12

Қазақстан Ресейдің көмірін өткізуге тыйым салғаны рас па?


ТМД медиа-кеңістігінде Қазақстан өз аумағында көмір тиелген ресейлік 1700 теміржол вагонының қозғалысын бұғаттап тастаған деген ақпарат жатыр. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің мәліметінше, бұл хабарламалар шындыққа жанаспайды, яғни жалған болып табылады.

Шын мәнінде, Қазақстан аумағында көмір тиелген 1700 бірлік көлеміндегі ресейлік вагондар жоқ. РТЖ жолдарында да Қазақстанға бағытталған, я болмаса Қазақстаннан шыққан көмірі бар вагондар тіркелмеген.

"Ресей темір жолдарымен штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз, экспорт пен импорт бойынша ешқандай кідіріс жоқ", – дейді ҚР ИИДМ Көлік комитеті теміржол инфрақұрылымы және жүк тасымалы басқармасының басшысы Сәтжан Өзбеков.

"Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ресейлік транзиттік вагондардың кешігуі туралы жалған ақпаратты – екі ел арасындағы тату көршілік қатынастарды әлсіретіп, беделін түсіруге бағытталған қасақана жасалған іс-әрекет ретінде қарастырады.

Сондай-ақ, ИИДМ жалған ақпарат таратқаны үшін Қазақстан және Ресей заңнамасында да жауапкершілік көзделгенін еске салады" - делінген ресми хабарламада.