15 қар, 2022 сағат 15:28

Қазақстан ресейлік астық транзитіне тарифті көтерген жоқ - ҚТЖ


Қазақстан тарапы ресейлік астықтың транзитіне тарифті көтерген жоқ. Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ) Ұлттық компаниясы мәлімдеді.

Компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстан аумағы бойынша ресейлік астықты транзиттік тасымалдаудың тарифтік шарттары соңғы 4 жылда өзгермеген.

«Ресейден Қазақстан аумағы арқылы транзитпен астық тасымалдау көлемі оң серпін көрсетіп отыр. Мәселен, 2022 жылдың 10 айында транзит көлемі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға, яғни 301 мыңнан 372 мыңға дейін өсті», - деп мәлімдеді ҚТЖ өкілдері.

Айта кетсек, бұған дейін көрші елдің БАҚ-тары «Қазақстан транзиттік тарифті күрт арттырып, Орталық Азия елдері мен Қытайға тасымалданатын астық транзитіне іс жүзінде тосқауыл қойып отыр, енді Қазақстан арқылы астықты тасымалдау «экономикалық мақсатқа сай емес» деп хабарлаған болатын.