Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Ресеймен арада коронавирустан вакцина паспорттарын өзара тану туралы келісімді бекітуді қолдап отыр.
Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілерге сұхбат берген ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі — Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Вакциналау паспорттарына тоқталсақ, Ресей Федерациясынан келісім Сыртқы істер министрлігі арқылы бізге келді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұл тұрғыда өзінің ұстанымын жариялады, яғни біз осы келісімге қол қоюға дайынбыз. Қазіргі кезде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, бұл бағытта техникалық мәселелерді реттеу керек», - деді А. Есмағамбетова.
Осы орайда ол Цифрлық даму министрлігі тиісті қорытынды жасағаннан кейін, бұл құжат ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы Ресейдің тиісті органдарына жолданатынын айтты.
Дегенмен вице-министр паспорттарды өзара тану мерзімі туралы нақты мерзімді нақтылай алмады.
«Нақты мерзім туралы айта алмаймын, біз өзіміздің ұстанымды жарияладық. Ендігі мәселе техникалық сипатта. Бұл қадамдар ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құзыретімен байланысты», - деді Есмағамбетова.
30 наурызда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ресеймен арада коронавирустан вакцинация паспорттарын өзара тану туралы келісімнің жобасын келісуге алды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл наурыз айында ҚР Бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы бойынша Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация құжаттары жарамды елдердің тізімі жаңарды.
Жаңартылған тізімде аңартылған тізімге 30-дан астам мемлекет кіріп отыр.