31 мам, 2021 сағат 14:14

Қазақстан өткен жылы 17,1 млрд доллар тікелей шетел инвестициясын тартты


Қазақстан 2020 жылы 17,1 млрд доллар тікелей шетел инвестициясын тартты. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылдың қорытындысында жаһандық экономикадағы тікелей шетел инвестициясының көлемі 42 пайызға қысқарды. Әсіресе, дағдарыс көшпелі экономикасы бар елдердің экономикасына қатты теріс әсер етіп, оларда шетел инвесторларының көрсеткіші 77 пайызға дейін құлдырап кетті. Бұған қоса, бастама жасалған жаңа жобалардың жаһандық құлдырауы да орын алды. Олардың саны 2 есе қысқарды. Дегенмен, дер уақытында қабылданған іс-шаралардың арасында 2020 жылы Қазақстан 17,1 млрд доллар тікелей шетел инвестициясын тартып, шетел капиталы ағынының 30 пайызға дейін төмендеуін тежей алды», - деді министр орынбасары орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның дерегінше, соңғы 10 жыл бойы Қазақстан экономикасына жыл сайын құйылатын тікелей шетел инвестициясының көлемі шамамен 24 млрд долларды құрайды. 

Алайда бұл көрсеткіш дағдарыс болған 2015 және 2020 жылдары біршама төмен қалыптасты. 

«Бұған қоса, өткен жылы күш-жігеріміз ертеректе, пандемия кезеңіне дейін басталған жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Нәтижесінде жыл ішінде жалпы сомасы 1,6 млрд долларды құрайтын шетелдіктердің қатысуы бар 41 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 7 мыңнан астам жұмыс орны құрылды», - деді ол. 

Алмас Айдаровтың атап өтуінше, олардың қатарында Түркістан облысындағы жаңа әуежай құрылысы, Ақтау қаласындағы туристік-қонақ үй кешені, Жамбыл облысдағы қуаты 100 МВт болатын күн электр стансасы, Қарағанды облысында техникалық газ өндірісі, HYUNDAI маркалы көліктер шығаратын жаңа зауыт, сонымен қатар Ақтөбе облысында бесінші буын жылыжайы сынды жобалар бар.