Фото: Akorda.kz
Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы жақында Мәскеу қаласында өткен II Еуразиялық экономикалық форумға қатысты. Президент жиын барысында бүгінде сарапшылар қауымдастығы кеңінен талқылап жатқан бірқатар мәлімдеме жасады.
ЕАЭО аясындағы интеграция тек қана экономикалық сипатта ғана жүруі керек. Бұл – Президенттің негізгі ұстанымы. Оның шеңберінен шығу ұйымның жарғылық құжаттарының мақсаттарына, принциптері мен міндеттеріне қайшы келеді.
Президент атап өткендей, экономикалық интеграция – бұл түпкі мақсат емес, ол экономиканы дамытудың және халықтарымыздың әл-ауқатын арттырудың негізгі құралдарының бірі. Яғни, ұйым аясында қабылданатын кез келген шешім оның әрбір мүшесіне және, ең алдымен, олардың азаматтарына пайдасын тигізуі тиіс" - деп жазды Желдібай.
Сонымен қатар, ол түрлі деңгейдегі интеграция мәселесі қозғалғанын атап өтті.
"Бүгінде ЕАЭО-ның екі мүшесі – Ресей мен Беларусь өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейіне шықты. Бұл – ерекше прецедент. Мемлекет басшысының пайымынша, шын мәнінде, бір халық және бір мемлекет туралы сөз болып отыр. Осы ретте мүлде басқа мақсаттарды көздеген екі түрлі интеграциялық жоба шеңберіндегі бастамалардың ара-жігін ажырату аса маңызды.
Біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ" - деп түйіндеді Президент баспасөз хатшысы.