29 нау, 2022 сағат 14:15

Қазақстан мұнайына санкция салынбайды – сарапшы


Каспий құбыр желісі концорциумындағы апат ел бюджетіне әсер етпейді. Бұл туралы экономист Айдархан Құсаинов «Ресей әскерінің Украинаға басып кіруінің Қазақстан үшін экономикалық салдары» тақырыбында өткен пікірталаста айтты, деп хабарлайды Baq.kz порталы.

Оның айтуынша, Каспий құбыр желісі концорциумындағы апат ел бюджетіне әсер етпейді. Оған қоса мұнайды экспорттау бойынша бұл желіні таңдаған Қазақстан Үкіметі емес.

"Құбыр желісінде расымен апат болды, қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл - жағымсыз жағдай, дегенмен шығын көп болады, бәрі бітті деуге келмейді. Оған қоса бұл бюджеттің толығуына еш әсер етпейді. Бір нәрсені түсініп алғанымыз жөн. Мұнайдан түсетін қаражат алдымен Ұлттық қорға құйылады, содан кейін  барып қана бюджетке аударылады. Қорда қазір ақша бар, сондықтан ол бюджетке үздіксіз құйылып отырады", - деді ол.

Сонымен қатар ол Қазақстан мұнайын экспорттау мәселесіне қатысты ойын білдірді.

"Қазір елмізде өндірілетін мұнайды экспорттауға қатысты көп айтылып жатыр. Мұнайды экспорттау жолдарына қатысты келіссөздерге кезінде өзім де қатысқанмын. Бұл жерде Үкіметке сын айту дұрыс емес. Мұнай өндірушілердің өздері осы жолды таңдаған, яғни КТК арқылы тасимыз, сол жерге инвестиция құямыз деген. Келіссөздің барлығы мердігер компаниялармен жасалған және бұл - олардың шешімі. Оған біздің билік қатысқан жоқ", - деді Құсаинов.

Экономист сондай-ақ Украинадағы соғысқа байланысты Қазақстан мұнайына санкция салынбайтынын жеткізді.

"Бұл мұнай біздің жерде өндірілгенімен, ол біздікі емес. Ол өндіруші компанияларға тиесілі, яғни америкалық Шеврон, Мобил және басқаларына қарайды. Сондықтан оған алаңдауға негіз жоқ. Бір сөзбен айтқанда мұнайды тасымалдау желілерінің бізге қатысы жоқ және мұнай да біздікі болып саналмайды", - деді сарапшы.