"КҚК-Р" АҚ құбыр жүйесі арқылы қазақстандық мұнайды экспорттау қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Бұған дейін Новороссийск қаласының Приморск аудандық соты судьясының 5 шілдедегі шешімі бойынша "КҚК-Р" АҚ қызметін 30 тәулікке әкімшілік тоқтата тұру түріндегі жаза тағайындалды. Үздіксіз әрекетті ескере отырып, "КҚК-Р" АҚ сотқа судья шешімінің орындалуын тоқтата тұру туралы өтінішхат берді", - деді ведомство хабарламасында.
Энергетика министрлігі консорциум Ресейдің тиісті мемлекеттік органдарымен және ведомстволарымен Ространснадзор бұйрығында көрсетілген құжаттық заңбұзушылықтарды жою үшін жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
"Қазіргі уақытта қазақстандық мұнайды "КҚК-Р" АҚ құбыр жүйесі арқылы экспорттау тұрақты режимде жүзеге асырылып жатыр", - деді министрлік өкілдері.
Бұған дейін "Каспий құбыр консорциумы" акционерлік қоғамы Новороссийск қаласы Приморск аудандық сотының судьясы 2022 жылдың 5 шілдесіндегі қаулысымен "ҚҚК-Р" АҚ қызметін 30 тәулікке тоқтату түрінде әкімшілік жаза тағайындағанын хабарлады. Артынша компания сот шешімін орындауды 30 күнге кейінгі қалдыру туралы өтініш бергенін, өйткені мұндай әрекет өндіріске ауыр салдар мен зардаптар әкелуі мүмкін екенін мәлімдеді.
КҚК – қазақстандық мұнай үшін негізгі экспорттық бағыт, оған құбыр арқылы айдалатын көлемнің 80%-тен астамы тиесілі. Құбыр желісінің қуаттылығы – жылына 67 миллион тонна мұнай.