10 нау, 2022 сағат 14:35

Қазақстан мұнай экспорттаудың түрлі бағдарын қарастырып жатыр – Ақшолақов


Қазақстан мұнай экспорттаудың түрлі бағдарын қарастырып жатыр. Бұл жайында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кезінде экспорттың, оның ішінде Қытай мен Еуропа бағытында да тармақталған жүйесі болған еді. Әзірше санкция жоқ. Сондықтан қандай да бір көлемді басқа жаққа жөнелту мәселесін қарастырып отырған жоқпыз. Біз уағдаласқанымыздай штаттық режимде, Каспий құбыр консорциумы арқылы, Самара арқылы жұмыс істей береміз. Біздің түрлі мүмкіндігіміз, Ақтау портымыз, Балтық құбыр жүйесі бар. Бірақ, әзірше оларды қарастырып отырған жоқпыз», - деді министр Үкімет отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында. 

Сонымен қатар ол мұнай өндіру көлемін төмендету де күтілмейтіндігін баса айтты. 

«Өндіруге ең алдымен, сату мүмкіндігі әсер етеді. Егер сату мүмкіндігі болса, онда еш қиындық жоқ екені түсінікті. Біз 87,5 млн тонна мөлшерінде бекітілген жоспарымызды қолданыстағы инфрақұрылымның күшімен өндіре аламыз», - деді Болат Ақшолақов.