Қазақстан ресейлік «Росатом» компаниясымен тек маман даярлау туралы меморандумға қол қойған. Әзірге елде салынуы ықтимал АЭС қай елдің технологиясы бойынша салынатыны анық емес. ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әлем бойынша атом энергетикасының технологиясы Ресейде ғана емес. АҚШ-та, Еуропада, әсіресе Францияда жақсы дамыған. Жапонияның Америкамен бірлескен кәсіпорыны бар. Оңтүстік Кореяда, Қытайдың өзінде де дамып жатыр. Сол себепті бұл сұрақты әлі зерттеп қараған жоқпыз. Қазір атом стансасын қай жерге орналастыру, оған су жағынан, тектоника жағынан, жер сілкінісі болмайтын жерді таңдау бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ал технологиялар – екінші кезеңдегі сұрақ. Қай технологиямен жұмыс істейтініміз туралы нақты жауап жоқ», - деген министр ресейлік «Росатоммен» бекітілген меморандумның мазмұнына тоқталды.
«Бііз осы жылда ресейлік «Росатоммен» меморандумға қол қойдық. Бұл тек кадр дайындау үшін. Бізде өкінішке қарай, атом саласының мамандарын даярлайтын оқу орындары жоқ. Егер АЭС салатын болсақ, әрине, ертең онда жұмыс істейтін адамдар, мамандар керек. Қазір соны даярлау керек. Бір стансаға 2000-дей адам керек, мысалы. Ол тек қана жұмысшылар емес, жақсы деңгейде дайындықтан өткен мамандар болуға тиіс. Оларды 4-5 жыл оқыту керек. Одан кейін олар 2 жылдай тәжірибеден өтеді», - деді ведомство басшысы.