20 жел, 2021 сағат 21:46

Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылыми ынтымақтастық тереңдей түсті – ресейлік ғалым


Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылыми ынтымақтастық тереңдей түсті. Бұл туралы Ресей Ғылым Академиясы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері Игорь Савин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әріптестерімнің көпшілігі атап өткендей, өткен жыл қиын әрі ғылыми өндіріс үшін барынша сәтсіз болды. Еркін сапарлау, экспедицияға шығу мүмкіншілігі тыйылды. Уағдаласып қойған бірнеше конференцияны өткізу режимі бұзылды. Дегенмен, оның бәрін тез арада онлайн режимге көшіре алдық. 2020 жылғы экспедициялар 2021 жылға ауыстырылды. Осы жылдың тамызында Оңтүстік Қазақстанда өткен экспедицияға қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Сын-тегеуіріндер мен сол бір факторлардың, соңғы жылдары туындаған көптеген сұрақтардың арқасында ынтымақтастығымыздың тереңдей түскенін атап өткен жөн. Бұған дейін талқыланбаған жаңа тақырыптар мен әдістер туындап жатыр», - деді ол Sputnik Қазақстан ақпарат агенттігінің Facebook парақшасында өткен видеокөпір барысында.

Ресейлік ғалым 2021 жылдың 30 сәуірінде Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі мен РФ ҒА Шығыстану институтының бастамасымен үлкен конференция ұйымдастырылғанын атап өтті. 

«Сол жерде жаңа кезеңде тұрғанымыз және жаңа сын-тегеуріндерге дайын екеніміз айтылды. Бұл сынақ барлық уақытта нарративтер қалыптастыруға оңтайлы бола бермейді. Дегенмен, қазақстандық серіктестермен осы сын-тегеурінді жаңа кезеңде дамытуға көмектесетін әдістер таба алатынымызға негіз бар», - деді Игорь Савин.