Өткен аптада бір топ қазақстандық делегат Корея Республикасына арнайы сапармен барып, цифрландыру жұмыстарына қатысты маңызды кездесулер өткізді.
Оңтүстік Корея цифрлық технологиялар бойынша әлемдегі жетекші елдердің қатарында. Оның ішінде «электронды үкімет» жобасы бойынша 2-ші орынды иеленеді. Ал еліміз бұл көрсеткіш бойынша әзірге 33-ші орында. Қазақстаннан барған өкілдер өңірдегі бірқатар жаңашылдықтармен танысып, тәжірибе алмасты.
«Қазақстан өте үлкен территорияға ие. Сол себептен аймақтарда маманданған дәрігерлер тапшы. Корея Республикасының территориясы үлкен емес. Десе де, мұндай мәселелер бізде де бар. Шалғай аймақтарда білікті дәрігерлер жетіспей жатады. Сондықтан біз 5G-ді қолдана отырып, медициналық көмекті халыққа қашықтықтан ұсынып отырмыз», – дейді кореялық өкіл Филипп Ли.
Инчхон халықаралық аэропортында биылғы жылы адамның түрін анықтайтын биометриялық технология іске қосылыпты. Ондағы басты артықшылық – ұшаққа құжатсыз әрі отырғызу талонынсыз-ақ отыра беруге болады. Сондай-ақ, аталған жаңа жүйе экспорт пен импорт үшін де ыңғайлы. Олай дейтініміз, кедендік рәсімдердің жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
«Электрондық үкіметті» дамыту жобасы бойынша Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы серіктес елдер саналады. Цифрландырудың жаңа дәуірінде екі ел тәжірибе алмасуды одан әрі нығайта түсуге тиіс. Корея Республикасының ішкі істер және қауіпсіздік министрінің орынбасары цифрландыру бағытындағы басымдықтарды айтып, Қазақстанмен одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендігін жеткізді», – дейді ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібінің вице-министрі Абылайхан Оспанов өзінің Facebook парақшасында.
Айта кетейік, аталған шаралар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарлама 2017 жылдың 12-ші желтоқсанында қабылданған болатын.