26 қаз, 2021 сағат 15:51

Қазақстан мен Мажарстан арасында шешімін таппаған мәселе жоқ – Мұхтар Тілеуберді


ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Мажарстан Премьер-министрінің орынбасары, Қаржы министрі Михай Варгамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мажарстан Премьер-министрінің орынбасары, Қаржы министрі Михай Варганың Қазақстанға кеше басталған сапары бүгін жемісті жалғасуда. 

Бүгін біз мемлекетаралық өзара іс-қимылдың тұрақты жұмыс істейтін институты болып табылатын Қазақстан – Мажарстан Стратегиялық кеңесінің Бесінші отырысын өткіздік.Мажарстан Орталық және Шығыс Еуропа өңіріндегі біздің бірден-бір сенімді стратегиялық әріптесіміз, достас әрі тарихы тамырлас мемлекет. Бүгінгі таңда екі мемлекет арасында шешімін таппаған ешқандай мәселе жоқ», - деді М. Тілеуберді ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен кездесуде.

Министр қос мемлекет арасындағы саяси диалог жоғары деңгейде екенін атап өтті. 

Қазақстан мен Мажарстан бір-бірінің халықаралық аренадағы бастамалары мен күш-жігерін қолдап келеді. 

«Бұл өз кезегінде екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға қолайлы жағдай тудырады. М. Варга мырзамен Қазақстан мен Мажарстан арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдың бүгінгі ахуалы мен одан әрі дамуының перспективаларын талқыладық. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты, ең алдымен экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды тереңдету және екіжақты сауданы ұлғайту арқылы оны одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өттік. Ауыл шаруашылығы, энергетика, «жасыл экономика», денсаулық сақтау, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды», - деді Мұхтар Тілеуберді.