Қазақстанның Еуропалық Одақтағы Өкілдігінің басшысы Марғұлан Баймұхан Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысы Кунио Микуриямен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен ДКҰ арасындағы ынтымақтастықтың ағымдағы мәселелері мен перспективалары талқыланды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
М.Баймұхан Қазақстан Дүниежүзілік кеден ұйымымен ынтымақтастыққа үлкен назар бөлетінін атап өтті. Бас хатшы Қазақстанның кедендік әкімшілендіруде ынтымақтастық кезінде қол жеткізген елеулі прогресін атап өтті. Келесі жылы Қазақстан мен ДКҰ арасындағы ынтымақтастықтың 30 жылдығымен ерекшеленеді.
Қазақстан Президенті Қ.-Ж.Тоқаевтың бастамасымен «тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасы аясында Қазақстанда жүргізілген әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси реформаларды, сондай-ақ пандемия кезінде ұлттық экономиканы қолдау және оны дағдарыстан кейінгі кезеңде қалпына келтіру жөніндегі шараларды талқылау сұхбаттың жеке тақырыбы болды. К. Микурия ҚР-дағы экономикалық және саяси реформаларға оң баға берді.
Сұхбаттасушылар пандемияның әлемдік экономика мен қоғамға жалпы әсерін азайтуға көмектесу үшін кеден қызметтерінің төтенше көмек тауарларына ғана емес, сонымен бірге тауарлардың барлық санаттарына да жәрдемдесудің маңыздылығын атап өтті. М. Баймұхан ДКҰ-ға сын-қатерге қарсы күресте және жеткізілімдердің сауда тізбегінің үздіксіздігін қамтамасыз етуде Қазақстанға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
Қазақстандық Елші К.Микурияға «QazVac» қазақстандық вакцинасының ілгерілеуі туралы айтып берді. Отандық вакцинаны тіркеуге байланысты бұл бағытта ДКҰ-мен ынтымақтастық маңызды болып көрінеді.
Кездесу барысында ДКҰ Басшысына жақын арада Қазақстанға сапармен келуге шақыру берілді. Кездесу қорытындысы бойынша кеден саласындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Айта кетейік, Дүниежүзілік кеден ұйымы 1952 жылы өзінің алғашқы 17 еуропалық мүше елдерінің Кедендік ынтымақтастық кеңесі ретінде құрылды. Бүгінгі таңда ДКҰ әлемдік сауданың 98%-ын өңдейтін әлем елдерінің 183 кеден әкімшілігін біріктіретін халықаралық ұйым болып табылады. Дүниежүзілік кедендік сараптама орталығын ұсына отырып, ДКҰ кедендік мәселелерде құзыретке ие және халықаралық кеден қауымдастығын білдіретін жалғыз халықаралық құрылым болып табылады. ДКҰ-ның стратегиялық миссиясы оның мүшелеріне халықаралық сауданы оңайлату, мемлекеттік кірістердің жиналуын арттыру, сондай-ақ қоғам мен азаматтардың қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ету мәселелерінде басшылық ету және қолдау көрсету болып табылады.
1992 жылғы маусымнан бастап Қазақстан ДКҰ мүшесі болып табылады және содан бері осы ұйымның жұмысына, оның ішінде оның басқарушы органдары – Қаржы комитетінде, Саяси комиссияда және Кедендік ынтымақтастық кеңесінде белсенді қатысады.