08 сәу, 2019 сағат 10:03

Қазақстан Қытайға 116 млрд теңге қарызды 154 млрд теңге қылып қайтармақ

Қазақстан Қытай үкіметіне 116 млрд теңгені 20 жылда 154 млрд теңге қылып қайтарады. Бұл туралы baq.kz хабарлады.

Бүгін Сенаттағы Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының үкіметі мен Қытай Халық Республикасының үкіметі арасындағы Қытайдан жеңілдетілген несие алу жөніндегі негіздемелік келісімді ратификациялау» туралы заң жобасы қаралды.

Комитет отырысында Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев Қытай үкіметінің 2 млрд 60 млн юань (116 млрд теңге немесе 300 млн доллар) 20 жылға 2% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алу туралы министрлік ұсынысын баяндады.

Сенат депутаты Әли Бектаев Қытай тарапы беріп отырған несиені неліктен ауыл шаруашылығына, шағын және орта кәсіпкерлікке жұмсалмайтынын сұрады. Ол неге біз осы несиені шекара маңындағы бекеттерге жұмсайтынын білгісі келді.

«Қытай үкіметі өзі мүдделі тарап болғандықтан, кеден бекеттерін реконструкциялауды қолдау отыр. Себебі олар біздің кеден арқылы Еуропаға тез экспорттауды көздеп отыр. Сондықтан да олардың шарты бойынша осы бағытқа ғана несие бермек. Біз ауыл шаруашылығына мұндай несиені алып, тәуекелге бара алмаймыз», - деді ҰЭМ өкілдері.

Әли Бектаев алынатын қарыздың ел экономикасына пайдасын сұрады.

«Қарыз алып, осынша салғаннан кейін, осы жұмыстар атқарылғаннан кейін экономикаға қандай пайда келеді? Қандай қосымша түсімдер болады? Біздің бюджетке салық жағынан, кедендік түсімдер жағынан», - деді депутат.

Бұл сұраққа министрмен бірге заң жобасын ұсынуға келген ведомство өкілі жауап берді.

«Жаңа атап өткендей, бүгін Өзбекстан тарапынадағы кеден бекеттерінде үлкен кептеліс болып жатыр. Ол жаңағы Өзбекстанның сыртқы саудасына дамуына байланысты болып жатыр. Ал біздің Қазақстандағы экономикалық әсері ол ақылы жолдар арқылы көліктердің жүруінен алынатын алымдар көбейеді, екіншіден, тек Қытай тарапынан біз 200 млрд-қа жуық қосымша салықтар мен  кедендік төлемдер түседі деп болжап отырмыз. Бұлар – қосымша түсімдер. Инфрақұрылымның дамуына, Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолының мүмкіндіктері кеңейіп, жолдағы сервистік қызметтер дамып, салықтар түседі деп болжам жасап отырмыз», - деді ол. 

Бектаев «Соның нақты есебі бар ма?» деп тағы да қарсы сұрақ қойды.

«Кедендік төлемдер мен салықтар жөніндегі 300 млрд соманы ғана айта аламын. Орта есепен әр жүк көлік құралы Қазқастаннан өткен кезде, 100 километрге 7-8 мың теңгедей төлем қалдырады деп болжап отырмыз. Ол жаңағы жанар-жағармай, жолдағы сервистік қызметтер», - деді минситрлік өкілі. 

Депутат  «Бұл қазірше жалпылама сөз ғой, менің айтқанымды түсіндіңіз ғой. Займ алу үшін сіздерде есеп болуы керек, мына қарызды аламыз, жұмсаймыз, осынша пайда болады деп. Осыны мынадай жолдармен қайтарамыз. Бұл жай ғана біреудің аспаннан түскен қарызы емес қой, мемлекеттік қарыз. Сондықтан сіздерде нақты есеп болу керек. Сіздер қаржы министрлігісіздер. Есептеріңіз бар ма?»,  - деп нақтылағысы келді.

«Жаңағы 300 млрд-тан басқа бізде нақты есептер жасалған жоқ, қосымша салықтар мен төлемдер», - деп қосты Қаржы министрлігінің өкілі.