Шардаралықтар сапалы көгілдір отынмен қамтылды. Қазақстан-Қытай газ құбырының «С» тармағында жаңа компрессорлық станция жұмысын бастады. Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» еліміздің Тұңғыш Президенті Күні қарсаңында су жаңа нысанды пайдалануға берді. Шардара ауданы Көксу кентіне таяу жерде орналасқан нысан магистральды газ құбырының жоспарланған 8 станциясының бірі болып табылады. Инвестициялық жобаны салу мен одан әрі пайдалануды үш бірдей кәсіпорын іске асырған, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.
Газ инфрақұрылымының жаңа нысаны газ құбырының өнімділігін арттыруға, газ тасымалдау көлемін жылына 25 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді дейді мамандар. Әрі тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн үздіксіз тасымалдау процесінің барынша тиімділігін қамтамасыз етеді.
Бұл құбыр 4 бірдей мемлекетті – атап айтқанда Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Қытайды байланыстыратын өткізу қабілеттілігі мен ұзындығы бойынша алпауыт Орталық Азия — Қытай трансұлттық газ құбырының құрамдас бөлігі болып табылады.
Станция жетекші әлемдік өндірушілердің заманауи жабдықтармен жасақталған. «Rolls Royce» компаниясының газ айдаушы агрегаттары орнатылған. Жобалық қуаты сағатына 516 мың текше метр газ айдауға арналған.
Пайдаланылған инновациялық жабдық, сондай-ақ қосалқы технологиялар кешені магистральды газ құбырын пайдаланудың барлық кезеңі ішінде қауіпсіз және технологиялық үздіксіз газ тасымалдауды қамтамасыз ете алады. Мамандардың пікірінше, газ инфрақұрылымының жаңа нысаны еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ отандық және шетелдік газ нарығында негізгі газ-энергетикалық және газ тасымалдау компаниясы болып табылады. Мекеме тауарлық газды магистральдық газ құбырлары мен газ тарату желілері бойынша тасымалдау жөніндегі орталықтандырылған инфрақұрылымды басқарады. Халықаралық транзитті қамтамасыз етіп, газды ішкі және сыртқы нарықтарда сатумен айналысады.