22 қар, 2017 сағат 11:29

Қазақстан Қырғызстанға жүзім және құрма өнімдерін кері қайтарды

Қазақстан Қырғызстанға 4,2 тонна жүзім және құрма өнімін кері қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қырғызстан Республикасынан келген 4,2 тонна жүзім және құрма өнімінен Азиялық жеміс шыбыны зиянкесі анықталды», делінген баспасөз хабарламасында.

Бұл өнімдер 21 қарашада Жамбыл облысының Қордай ауданында карантиндік фитосанитарлық бақылаулар жүргізу барысында белгілі болған.

Еуразиялық экономикалық одақтың өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасының бұзылуына байланысты аталған карантиндік өнімдер Қырғыз Республикасының аумағына кері қайтарылды.

Айта кетерлігі, Азиялық жеміс шыбыны - дақылдардың 60-тан астам түрлерін зақымдап, жемісін шірітіп, қолдануға жарамсыз етеді.