04 сәу, 2022 сағат 12:31

«Қазақстан халқына»: Омыртқасында ақауы бар 4 балаға 3,7 млрд теңгенің дәрісі сатып алынды


«Қазақстан халқына» қорының есебінен омыртқа бұлшықетінің атрофиясына шалдыққан 4 балаға Қазақстан аумағында тіркелмеген ZOLGENSMA препаратын сатып алу үшін жалпы сомасы 3,7 млрд теңге төленген.

Бұл туралы қордың ресми сайты жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан халқына» қорының қамқоршылық кеңесінің кезекті отырысында жұмсалған ақшаның есебі қаралған. 

25 наурыздағы жағдай бойынша қордан қаңтар оқиғасында зардап шеккендерге жалпы сомасы 495 миллион теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілген. Оның ішінде: 

- қаза тапқан әскери қызметкерлердің, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасыларына – 133 млн теңге; 

- ауыр жарақат алған әскери қызметкерлерге, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне – 318 млн теңге; 

- қаңтар оқиғасының кездейсоқ құрбаны болған Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына – 35 млн теңге; 

- қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен балалардың отбасыларына – 9 млн. 

«Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда, азаматтардың өлімінің мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр», -деп жазылған мәліметте. 

Сондай-ақ, омыртқа бұлшықетінің атрофиясына шалдыққан 4 балаға Қазақстан Республикасында тіркелмеген Onasemnogene Abeparvovec (ZOLGENSMA) препаратын сатып алу үшін жалпы сомасы 3,7 млрд теңге төленген. 

«Науқастар ауруханаға жатқызылды.Әр науқасқа дәрілік затты жеке өндіру үшін биоматериалдар алынды. Бірінші балаға препарат 26 наурызда енгізілді, қалғандарын 8 сәуірге дейін енгізу жоспарлануда», - деп жазылған қордың сайтындағы ақпаратта.