Қазақстан халқына қоры жүрек ақауының өте ауыр диагнозымен туған Мұса есімді баланың Оңтүстік Кореяға медициналық авиатасымалдау ақысын төлеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы қордың баспасөз қызметі мәлімет таратты.
«Қор кішкентай Мұсаның Оңтүстік Кореяға медициналық авиатасымалдау ақысын төлеп берді. Балақайдың туа біткен жүрек ақауының өте ауыр түрі диагнозы бар. Алты айлық Мұса Сұлташев ата-анасымен бірге Атырау облысынан Кореяның Сеул қаласындағы INCHEON SEJONG HOSPITAL медициналық мекемесіне тікелей арнайы рейспен ұшты», - деп жазылған ұйымның баспасөз хабарламасында.
Мұсаның шетелде емделу ақысын өзге қайырымдылық ұйым толығымен өтеп берген. Сондықтан оның ата-анасы «Қазақстан халқына» қорына медициналық транспорттау ақысын төлеуге өтініш білдірген болатын.
«Ұшақпен сапар 12 сағатқа созылды, оңай болған жоқ, бірақ біздің кішкентай батыр шыдамды болды. Енді емді бастаймыз», - дейді баланың әкесі Жалғас Сұлташев.
Сондай-ақ қор Батыс Қазақстан облысы, Ақсай қаласының тұрғынына кішкентай тұрғынына Ресейдің Мәскеу қаласындағы В.И. Кулаков атындағы «Акушерлік, гинекология және перинатология ұлттық медициналық ғылыми орталығында» жасалатын отаның ақысын төлеп беретін болды.
«Құзыретті органның медициналық қорытындысын зерделеген Сараптамалық комиссияның ұсынымы бойынша қор науқастың екінші отасын емдеу курсын төлеу туралы шешім қабылдады. Қазір қыз бала ата-анасымен бірге ауыр ота жасату үшін сапарға дайындалуда. Кішкентай қазақстандықтардың өмірін сақтап қалу үшін қордан 52 миллион теңге бөлінді», - деп жазылған қордың ақпаратында.