12 шіл, 2022 сағат 16:56

Қазақстан Каспийге PC International, Maersk, MSC, COSCO Shipping сияқты операторларды тартпақшы


Қазақстан Каспий арқылы құрғақ жүк тасымалдауға PC International, Maersk, MSC, COSCO Shipping сияқты халықаралық операторларды тартпақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының міндетін атқарушысы Қасым Тілепов осындай мәлімет берді. 

Оның айтуынша, Қазақстан Каспий арқылы тасымалданатын құрғақ жүктің көлемі артатынын ескеріп, арнайы контейнер хабын салмақшы. Бұл хабқа әлемдегі ірі контейнер операторлары қызмет көрсетуі мүмкін.

«Контейнерлердің ағыны артып жатқанын ескеріп, Ақтау портында контейнер хабын салмақшымыз. Осы мақсатпен халықаралық көлік-логистикалық компанияларды тарту жоспарланып отыр. Оның ішінде PC International да бар. Сондай-ақ, Maersk, Mediterranean Shipping Company, COSCO Shipping сияқты халықаралық контейнер операторлары тартылады. Қазірдің өзінде бұл компаниялармен белгілі бір шарттар пысықталып жатыр. Бұл бізге олардың контейнер паркін тартуға мүмкіндік береді. Бүгінде бізде контейнер тапшы. Сондықтан, осы контейнер паркін тарта алсақ, транспорттық-экпорттық мүмкіндіктерімізді арттырар еді», - деді комитет өкілі.