16 қаз, 2019 сағат 18:01

Қазақстан фермерлер одағының экс-басшысы 19 жылға сотталды

Қазақстан фермерлер одағының бұрынғы басшысы Әуезхан Дарынов 19 жылға сотталды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

«Сот үкімімен Әуезхан Дарынов ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабы 1-бөлігі, 122-бабы 1-бөлігі, 120-бабы 4-бөлігі, 121-бабы 4-бөлігі, 124-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге, оған жасөспірімдер ісіне қатысты педагогикалық және өзге де жұмыспен айналысуға тыйым салынды», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметінен.

Қазақстан фермерлер одағының бұрынғы басшысы Қылмыстық кодекстің «жас балаға күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау», «16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу», «бірнеше рет зорлау» баптары бойынша сотталып отыр.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, осы жылдың басында ҚР Ішкі істер министрлігі Қазақстан фермерлер одағы басшысының ұсталғанын хабарлаған болатын.