Өткен жылғы он бір айда экспортталатын тауарларға баға 11,9 пайызға төмендеп, импортталатын тауарлар 4,6 пайызға жоғарылады. Мұндай ақпаратты ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ведомство мәліметінше, 2020 жылғы қарашада қазан аймен салыстырғанда экспорттық жеткізілімдер бағасы темір кендеріне – 9,7, қорғасынға – 5,6, мұнайға 2,9 пайыз төмендеді. Қара металл илегіне – 6,5, мыс кендеріне – 5,3, ферроқорытпаларға – 2, мырышқа 0,2 пайыз жоғарылады. Сонымен қатар бағаның бидайға 0,2 пайыз төмендеуі, олардың жармаларға – 12,9, жүнге – 3,1, күрішке – 1,2, ұнға 0,6 пайыз жоғарылауы тіркелді.
«Импортталатын өнімдерден өсімдік майы – 12,3, қант – 2,8, күріш – 2,2, жемістер мен жаңғақтар 1,8 пайызға қымбаттады. Құс еті – 8,3, темекі – 4,6, көкөністер – 3,3, кофе – 1,2, шай 0,2 пайызға арзандады. Баға сүрекке – 1,7, машиналар, жабдықтар және көлiк құралдарына – 1, аяқ киімге 0,5 пайыз жоғарылады. Қағазға – 2,3, былғары шикізатына – 1,1, құрылыс материалдарына – 0,6, текстиль өнімдеріне 0,4 пайыз төмендеді», - деп атап өтеді бюродан.