Қазақстанның экономикалық құрылымының төрттен бөлігін өнеркәсіп саласы құрап отыр. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өздеріңіз білетіндей, өнеркәсіп саласы біздің еліміздің экономика құрылымының төрттен бөлігін (27,1%) құрайды. Ал өнеркәсіптің ішінде өңдеуші сала жартысына жуығын алып, 2020 жылы соңғы 20 жылда алғаш рет ең жоғары көрсеткіш 48,7%-ға (2001 ж. - 46,2%) жетті. Өңдеуші өнеркәсіптің жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесі 2020 жылы 12,7%-ды құрады. Индустрияландыру жылдарында енгізілген жаңа кәсіпорындар өңдеу өнеркәсібі өндірісі көлемінің өсуіне ықпал етті», - деді Бейбіт Атамқұлов Сенатта өтіп жатқан «ҚР өнеркәсіптік саясатты заңнамалық реттеу: жай-күйі, проблемалары және шешу жолдары» тақырыбындағы Үкімет сағатында.
Оның айтуынша Индустрияландыру картасы аясында 2010-2020 жылдары шамамен 9,1 трлн теңге сомаға 1527 жоба іске қосылған. 212 мың жұмыс орны құрылып, 28,8 трлн теңгенің өнімі шығарылған. Кәсіпорындар өткен жылы 13 трлн теңгеге өнімін өндірген.
«Индустрияландыру басталғаннан бері (2010-2020 жж.) барлығы 84,5 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Осы жылдар ішінде өңдеуші сектор кәсіпорындарынан түсетін салықтар жиынтығы 9 трлн теңгеден асып, 3 есе дерлік өсті. Бұл бүгінде өңдеуші өнеркәсіптен түсетін салықтар индустрияландыру саясатын іске асыруға жұмсалған шығындардан 6,6 есе көп екенін білдіреді», - деді ол.