ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы қаңтар-қазандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов экономиканың жай-күйі мен елдегі қазіргі жағдай туралы баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.
Министрдің айтуынша, әлемдік экономика мен саудада белгісіздік сақталуда. Халықаралық қаржы ұйымдарының 2020 жылға арналған жаңартылған болжамдары бойынша әлемдік экономиканың өсу қарқынының төмендеуі минус 4,4%-тен минус 7,6%, әлемдік сауда — минус 7%-тен минус 10,6% аралығында бағаланады.
Жаһандық инвестициялар биылғы бірінші жартыжылдықта 2 есеге төмендеді. Жекелеген елдерде қайта шектеу шаралары енгізілді.
«Биылғы 10 айда өндіруші емес секторларға салынған инвестициялар ұлғайды, нақты секторда өсім сақталуда, қызметтер саласы тұрақтанды және экономиканы кредиттеу ұлғаюда. 10 айдың қорытындысы бойынша тауарлар өндірісі 1,9%-ға өсті. Бұл ретте, қызметтер көлемі 6,1%-ға қысқарды. Соның нәтижесінде жедел деректер бойынша, жалпы ішкі өнім 2,9%-ға төмендеді. Жылдық инфляция 7,1%-ды құрады», — деп мәлімдеді Р. Дәленов.
Нақты сектор салаларының көбі және жекелеген қызмет түрлері жақсы өсім қарқынын көрсетті. Олар — құрылыс, ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі.
Сонымен бірге төмендеу көлік, сауда, ғылыми және техникалық қызмет, жылжымайтын мүлікпен операциялар, әкімшілік қызмет көрсету салаларында байқалды.
10 айдың қорытындысы бойынша базалық факторлар – өндіруші емес секторларға инвестициялар, экономиканы кредиттеу, нақты сектордың өсуі және қызметтер саласының төменденуінің тұрақтануы болды.
Осылайша, 10 айда кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, инвестициялар 14,7%-ға өсті.
«Инвестициялардың елеулі көлемі тұрғын үй құрылысына 30%-ға өсумен 1 472 млрд теңге, көлікке 8%-ға өсумен 959 млрд теңге, өңдеу өнеркәсібіне 11%-ға өсумен 661 млрд теңге, оның ішінде азық-түлік өнімдеріне 20%-ға өсумен 75 млрд теңге, ауыл шаруашылығына 8%-ға өсумен 413 млрд теңге тартылды», — деп хабарлады министр.
Экономиканы кредиттеу жыл басымен салыстырғанда 3,5%-ға ұлғайды. Кредиттердің ең көп өсуі байланыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс саласында байқалады.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 5,9%-ға ұлғайды, бұл тұтынушылық кредиттердің және жалпы экономиканы кредиттеудің өсуінен жоғары.
Өңдеу өнеркәсібі салаларында өсім жеделдеді. Фармацевтика 40%-ға дейін, жеңіл өнеркәсіп 16%-ға дейін, машина жасау 17%-ға дейін, автомобиль жасау 54%-ға дейін жеделдеді.
«9 айда сыртқы сауда айналымы $62,8 млрд құрады. Экспорт $35,3 млрд, импорт $27,5 млрд құрады. Осылайша, сауда теңгерімінің оң сальдосы $7,8 млрд деңгейінде қамтамасыз етілді», — деді Р. Дәленов.
Өңдеу өнеркәсібінде өсім 3,2% деңгейінде сақталуда. Бұл ретте кен өндіру өнеркәсібі 3,1%-ға төмендеді. Соның нәтижесінде, өнеркәсіптің нақты көлем индексі 99,4%-ды құрады. Өңірлердің көбінде өнеркәсіптің өскені байқалады.
Ең жоғары өсімді Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары көрсетті.
Өңдеу өнеркәсібі 3,2%-ға өсті. Өңірлер бойынша жоғары өсім Қостанай, Түркістан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады.
Негізгі капиталға 9,4 трлн теңге сомасында инвестициялар тартылды. 13 өңір өсім көрсетті. Оның ішінде ең жоғары көрсеткіштер Түркістан облысында және Шымкент қаласында байқалып отыр.
Құрылыс секторы серпінді өсім көрсетіп отыр. Орындалған жұмыстардың көлемі 10,7%-ға өсті. Белсенді құрылыс жұмыстары Түркістан облысында және Шымкент қаласында байқалады.
10,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,7%-ға көп.
Өңірлерде 7 экономикалық көрсеткіш бойынша жалпы жағдай келесідей.
5 көрсеткіш бойынша 9 өңірде өсім байқалады. Олар Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік-Қазақстан, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы.
Сондай-ақ 6 өңірде 3-4 көрсеткіш бойынша өсім тіркелді. Бұл орташа деңгей.
Іскерлік белсенділікті қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шараларды ескере отырып, келесі аспектілерге назар аудару қажет:
- Бизнесті жүргізу үшін, әсіресе шектеу шаралары әсер еткен салаларда рәсімдер мен шарттарды барынша жеңілдету.
- Іскерлік белсенділікті қолдау үшін әкімдіктер жанындағы өңірлік штабтардың бизнес сұраныстарына жедел ден қою.
- Экономиканы екінші деңгейлік банктер кредиттеуі кезінде бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануды жандандыру.
- Жергілікті атқарушы органдардың сапалы инвестицияларды тартуы бойынша проактивті және мақсатты жұмыс жасау.
- Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде құрылатын жұмыс орындары бойынша мониторингті күшейту және тұрақты жұмыспен қамту үлесін ұлғайту.
- Тұтыну тауарларының бағаларын ерекше бақылау және тұрақтандыру қорларының тетіктерін пайдалану арқылы маусымдық ауытқуларға жол бермеу.