2020 жылы Қазақстан неліктен алдыңғы жылдан қарағанда азырақ экспорттады? Бұл сұраққа «Каспий Құбыр желісі Консорциумы-К» АҚ бас директоры Николай Горбань жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылдың мамыр айынан бастап ОПЕК+ ұйымына кіретін мұнай экспорттаушы мемлекеттер мен ұйымдар тамыз айына дейін мұнай өндірісін тәулігіне 9,7 млн баррельге дейін төмендету туралы мәмілеге келген болатын. Осы шешімді мақұлдаған Қазақстан Үкіметі өткен жылдың мамыры мен шілдесі және тамызы мен желтоқсаны аралығында өндірісті барлау және жүргізу ісіне уақытша шектеу қойды», - деді Николай Горбань Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Осы шектеу былтыр қазақстандық жүк жеткізушілерінің мұнайды жөнелту кестесіне әсер еткен. Концорциумның Қара теңіз жағасындағы терминалына мұнайды тиеп, жөнелту көлемі азайған.
Еске сала кетсек бұған дейін Николай Горбань Қазақстаннан қанша көлемде мұнай экспортталатынын айтып берген болатын.
«2020 жылдың соңында консорциумның теңіз терминалында 59 миллион тоннадан астам мұнай қабылданып, жөнелтілді. Оның 51,7 миллион тоннасы қазақстандық жүк жөнелтушілердің үлесінде. Өкінішке қарай, бұл жоспардан шамамен 7 миллионға тоннаға аз. Яғни біз жоспардың 89,8%-ын ғана орындадық, 572 танкер жөнелттік», - деді спикер.