22 ақп, 2022 сағат 10:48

Қазақстан бойынша 2,4 млн адам ревакциналаудан өткен


Қазақстан бойынша екпе алуға тиісті халықтың 52,6 пайызы ревакциналаудан өткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті. 

«Осы айда инфекциялық төсектердің қамтылуы 38%-дан 17%-ға дейін немесе 2,2 есе, реанимациялық төсектердің қамтылуы 20%-дан 14%-ға дейін немесе 6% төмендеді.

Бүгінгі таңда ересек халықтың 82,1%-ы коронавирус инфекциясына қарсы екпенің бірінші компонентін алды. Бұл Қазақстан халқының 53,4%-ын құрайды.

Екінші компонентті 9,4 млн адам қабылдады, бұл екпе алуға тиісті халықтың 78,5%-ы және республика халқының 49,9%-ы», - деді ведомство басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, жыл басынан бері ел арасында ревакцинация деңгейінің өсуі байқалып отыр.

«Бүгінгі күні 2,4 млн адам ревакцинация алды, бұл егілуге тиісті контингенттің 52,6%-ын құрайды. Ұжымдық иммунитеттің қазіргі деңгейін сақтау үшін ревакцинация деңгейін төмендетпеуіміз қажет», - деді Ажар Ғиният.