29 қыр, 2017 сағат 10:38

Қазақстан банктерінің біріне жасалған кибер шабуыл жалғасып жатыр - ҰҚК

Қазақстан банктерінің біріне кибер шабуыл жалғасуда. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Дәулет Ерғожин мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Қазіргі уақытта бізді мемлекеттік техникалық қызметтеріміз бұл шабуылдарға нәтижелі тойтарыс беруде. Шабуылды кеше түстен кейін байқадық және одан кейін түні бойы жалғасты. Кезекшілеріміз ахуалға түнімен мониторинг жүргізіп отыр, барлық шабуылдарға тойтарыс берілді. Бүгінгі күні біздің негізгі банктеріміздің біріне шабуыл жалғасуда. Біз бұл жайтты біліп отырмыз. Қазірдің өзінде шектедік. Бұл серверлерінен шабуыл таралып жатқан шетелдегі әріптестермен байланыстамыз», - деді Ерғожин.

Оның  атап өтуінше, Республикалық мемлекеттік техникалық қызмет тек қана өте маңызды инфрақұрылымдардың  киберкеңістігі  қызметінің іркіліссіз жұмыс істеуіне ғана жауап береді.

«Бүгінгі күні банктер оның құрамына кірмейді. Яғни, қазіргі уақытта біз банктерді қорғау бағытындағы іс-әрекеттерімізді Ұлттық банкпен арадағы белгілі бір келісім аясында жүзеге асырудамыз»,-  деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары.

Айта кетейік, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары бүгін заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының кезекті отырысында «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңына өзгертулер енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасын таныстырған болатын.