Былтыр қаңтар-желтоқсанда елде 120,9 мың жұп шаңырақ көтерген. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 6 пайызға аз, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ranking.kz сайтының хабарлауынша, ауыл мен қалада үйленгендер саны бойынша да тіркелген неке саны азайған: ауылда 5,1 пайызға азайып, 40,9 мың жұп үйленсе, қалада 6,4 пайызға яғни 80 мың жұп тіркелген.
Ажырасу саны да азайған: былтыр 12 айда 16,8 жұп ажырасып кеткен. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға аз.
Ал аймақ бойынша ең көп неке Алматыда тіркелген: 13,1 мың жұп бас қосқан. Бірақ бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4 пайызға аз.
Одан кейінгі орында Түркістан облысы және Астана қаласы.
Ажырасу бойынша да Алматы көш бастап тұр. Одан кейін Қарағанды облысында және Астанада ажырасқандар көп.
2024 жылғы 4 наурызда жаңартылған Petrelli Previtera мәліметтері бойынша, Қазақстан ажырасу бойынша Мальдив аралдарынан кейінгі әлемде екінші орында. Елдің коэффициенті 1000 адамға 4,6 құрады. Сарапшылар елдегі ажырасудың негізгі себептері туыстарының араласуы (61%), моральдық шектеулердің болмауы (41%), оңай ажырасу процесі (25%) екенін атап өтті. Сондай-ақ, проблемалардың қатарында гендерлік рөлдерді сақтау және жалпы некеге деген көзқарастың өзгеруі бар.
Бір қызығы, ажырасудың жоғары деңгейіне қарамастан, қазақстандықтар неке институтын әлі де бағалайды. Зерттеулер көрсеткендей, ҚР жастарының 82,5% - ы (18-29 жас) өз болашағын отбасылы және балалы-шағалы етіп елестетеді.
Гуам, Ресей, Молдова, Беларусь, Қытай, Аруба, Литва, Доминикан республикасы да "ажырасқыш" елдердің ондығына кірді.
Автор: Дулат Жумагазин