Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне төрағалығын ұзартуды ұсынды. Бұл туралы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі Сыртқы істер министрлерінің 6-кездесуінде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде АӨІСШК диалог алаңын толыққанды халықаралық ұйымға трансформациялау барынша айқын сезілетін деңгейге шықты. Форум 30 жылға жуық уақыттың ішінде толыққанды халықаралық ұйымға қажетті барлық атрибутқа ие», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Оның атап өтуінше, форумды қайта ұйымдастыру мүше мемлекеттерге Азиядағы сенім шараларын нығайтуда тиімді әдістерді ілгерлетуге мүмкіндік береді. Ортақ сын-тегеуіріндерді шешу үшін мүмкіндіктер мен құралдарды айтарлықтай кеңейтеді. Мемлекеттер арасындағы диалогқа сайыпты саяси серпін береді. Мүше елдерге сындарлық іс-қимылды қалыптастыруға жол ашып, ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша келісілген әдістерді қамтамасыз етеді.
«Осыған орай АӨІСШК-ні трансформациялауды одан әрі ілгерілету мақсатында Қазақстан 2022-2024 жылдарғы АӨІСШК төрағасы лауазымына кандидатурасын ұсынады. Мүше мемлекеттер келесі мерзімге қазақстандық төрағалықты ұзартуды қолдайды деп үміттенемін», - деді Ақан Рахметуллин.