Қазақстан Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерімен Каспий арқылы жүк таситын бірлескен кәсіпорын құрмақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында мәлім етті.
«Біз, экспорттық және транзиттік жүктерді тасымалдау үшін баламалы бағдарлар мен дәліздерді пысықтадық. Министрлік жүктерді жеткізудің логистикалық тізбектерінің бұзылуын болдырмау бойынша жедел шаралар қабылдады. Экспорттық жүктер Латвия порттарына және Транскаспий халықаралық көлік бағдарына бағытталады. Транскаспий бағдары шеңберінде Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерімен бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол жеткізілді», - деген министр «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында «Контейнерлік хаб» құру жоспарланып отырғанын жеткізді.
«Осы жобаны іске асыру үшін Сингапурлық PSA International компаниясымен келіссөздер жүргізілді.
Сонымен қатар Maersk, MSC және Cosco Shipping сияқты әлемдік контейнерлік операторларының паркін тарту көзделуде. Жеке бизнесті тарта отырып, сауда флотын 4 пароммен толықтыру жоспарлануда.
Биыл шамамен 4 млн тонна экспорттық жүкті қайта бағдарлауды ескере отырып, Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы тасымал көлемін 10 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда», - деді Қайырбек Өскенбаев.