Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Жасанды интеллект ҒЗИ ғалымдары ChatGPT чат-ботының қазақ тіліндегі отандық аналогін әзірлеп шығарды. Ендігі жерде қазақстандықтар жаңа жүйенің көмегімен қажетті ақпаратты нақтылай алады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ChatGPT – америкалық коммерциялық емес OpenAl компаниясының нейрондық желісі. Ол арқылы жасанды интеллектпен хат алмасуға мүмкіндік бар. Кез келген сұрақ қойып, тапсырма да бере аласыз. Сәйкесінше, соңғы уақытта бұл желіге тұрғындардың сұранысы арта бастады.
Қазақ тіліндегі нұсқаның шығуы уақыт еншісіндегі мәселе еді. Мұны Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Жасанды интеллект» ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері небары 5 айдың ішінде сәтті жүзеге асыра білді.
"Біз қазақ тілінде тұңғыш ірі LLM тіл үлгісін жасадық. Жүйе нейрондық желі негізінде қазақ тіліндегі кез келген мәтінді түсінуге және өз біліміне сәйкес жауап беруге қабілетті. Біздің ChatGPT прототипіміз қазақ тілінің ережелерін түсінеді, әріптер мен буындар, сөздер мен сөйлемдер арасындағы барлық тізбектерді есте сақтайды. Яғни, қазақ тілінің барлық морфологиялық және синтаксистік ережелерін меңгерген", – дейді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Жасанды интеллект» ғылыми-зерттеу институтының директоры Әлібек Барлыбаев.
Жаңа жүйе, әсіресе, оқушылар мен студенттер арасында зор сұранысқа ие болады деп күтілуде.
"Мектеп оқушылары емтиханға дайындалу кезінде тесттегі кейбір ақпаратты, мәселен, математика теңдеуі немесе химиядағы терминді түсінбеді делік. Өздері нақтылағысы келеді, бірақ олардың қасында мұғалім болмайды. Сондай кезде балалар жүйеге сұрақ қойып, өте тез және қысқа жауап алады. Бұл технологияны жалпы білім беретін курстарды жиі оқитын бастапқы курстардың студенттері үшін де пайдалануға болады", – дейді Ә. Барлыбаев.
Ғалымдар жаңа жасанды интеллект жүйесіне патент алып үлгерген. Әзірге қазақстандықтар чат-боттың көмегіне жүгіне алмайды. Жүйе толыққанды қызмет көрсету үшін шетелден суперкомпьютерлер сатып алынбақ.
"Бұл жүйені қазақстандықтар арасында қалай танымал қыламыз?" деген сауалға жауап іздедік. Ақыры eGov порталына орналастыру тиімді болатынына көз жеткіздік. Сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жыл соңына дейін іске қосамыз деген жоспарымыз бар. Жүйе портал қолданушыларына қажетті ақпараттарды жедел сараптап, құжаттарын реттеуге мүмкіндік береді", – дейді Ә. Барлыбаев.
Қазақ тіліндегі жаңа жасанды интеллект жүйесін ғалымдар - Әлібек Барлыбаев пен Әсел Мұқанова әзірлегенін атап өткен жөн. Бүгінде жобаның техникалық және серверлік мүмкіндіктерін нығайту жұмыстары жалғасуда.