"Қазақмыс" корпорациясы кеніштерінің бірінде пышақ жарақатынан көз жұмған ер адамның мәйіті табылды, - деп хабарлады "Ұлт ақпарат".
Кеше "Қазақмыс" корпорациясы "Жомарт" кенішінің аумағында "Строй шахта проект" ЖШС мердігерлік ұйымының 40 жастағы қызметкерінің күш қолдану белгілері бар мәйіті табылған. Марқұм Өскеменнен іссапарға жіберілген Омаров атындағы шахта үңгілеу трестінің қызметкері болып шықты.
"17 қарашада «Қазақмыс» корпорациясы кенішінің аумағында зорлық-зомбылық белгілері бар 40 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Бұл факт ҚР ҚК «Кісі өлтіру» 99-бабы 1-бөлігі бойынша СДТБТ-да тіркелген. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күдікті адамдарды анықтау және ұстау мақсатында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда", - делінген Ұлытау облысының ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кетейік, "Жомарт" кеніші Жезқазғаннан 300 шақырым қашықтықта орналасқан.
"Қайтыс болған адам - "Қазақмыс" жұмыскері емес. Өскемен қаласының мердігер компаниясының жұмыскері. Оқиға шахтаның астында емес, жер бетінде болған", - дейді "Қазақмыс Холдинг" ЖШС қоғамдық байланыс және коммуникациялар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Дархан Мұхан.