Қазақстандық жазушы Сәуле Досжанның ағылшын тілінде жарық көрген новеллалар жинағы 2019 жылғы «The Man Booker International»(Лондон) сыйлығына үміткерлер тізіміне енді.
2018 жылдың қазан айының басында «Hertfordshire Press» британдық баспа үйі Сәуле Досжанның «The tragedy of a bastard» және «My own strange heart» атты үздік новеллалары енген проза жинағының ағылшын тіліндегі нұсқасын Халықаралық «Букер» әдеби сыйлығына ұсынған болатын.
Жазушының бұрын ешқайда жарық көрмеген «The tragedy of a bastard» («Көрдемшенің қасіреті») хикаяты британдық рецензенттер тарапынан жақсы пікірге ие болған. Танымал әдеби сыншы Кэролайн Уолтон «Our dear ancestors said honour is more valuable than life» («Біздің қасиетті бабаларымыз өмірден де қымбат - ар екенін айтып өткен») рецензиясында «Көрдемшенің қасіреті» хикаятының идеясы терең екенін атап өтеді. Хикаят жеті атадан қан араластырмау салтын ұстанып келген текті халық ұрпақтарының ұсақталып, азып бара жатқаны туралы ұлт тағдырына қатысты үлкен проблеманы көтереді.
Сәуле Досжан – жазушы, ақын, журналист, бірнеше әдеби сыйлықтың лауреаты. Соның ішінде, жазушының ағылшын тіліне аударылған «Өгей жүрек» шығармасы 2017 жылы Швецияда өткен Ашық Евразиялық Әдеби конкурсында «Проза» жанры бойынша жүлделі ІІІ орынды иеленген.
Жазушының шығармалар жинағын ағылшын тіліне Елден Сарыбай тәржімалады.
Елден Сарыбай «Перо» жеке қорының негізін қалаушы һәм ұйымдастырушысы, ақын-аудармашы, саясаттанушы. 1989 жылы Алматы қаласында туған, Лондон университетінде білім алған.
Бұл аса абыройлы әдеби сыйлықтың шорт-парағына ілінген жеті үміткердің әрқайсысы 1000 фунт көлемінде сыйақы алады.
Ал жеңімпазға 50 мың фунт беріледі. Бұл сома автор мен аудармашыға тең бөлінеді.