13 қыр, 2017 сағат 08:59

Қазақ ұлтшылдығы және Алтынбек Сәрсенбайұлы

Уақыт тоқтап тұр. Ұлттың уақыты. Ұлт өз уақытын уысынан шығарып алды. Уақытынан айырылған соң оны бақылай алмайды, есеп бере алмайды, әрекет ете алмайды. Ұлт уақытының тоқтап тұруы – ұлттың арман-тілегі, мақсат-мүддесі, ой-санасы ұйысқан ұлттық идеяның жалғастырушысы жоқ. Тарихта ұлттың уақытын тоқтатпаған, сол жолда күрескен тұлғалар бар. Олардың басты миссиясы – ұлттық идея отын өшірмей, жалғастырды.

Арыға бармай-ақ беріден айтсақ, Хан Кененің ұлт-азаттық көтерілісінен кейін ұлттың уақыты Абай сөзінде ұлттық ағартушылық сипатта жалғасты. Абайдан кейін Алаш қозғалысы ұлт уақытын есепке салды, уақыттың әр түйіршігі әрекетпен байланысып, ұлттық идея жаңа сапаға шықты. Совет кезеңінде ұлттың уақытын тоқтатпауға Алаштың екінші толқыны жұмыс істесе, Әуезовтің рухани-мәдени миссиясы ұлттық идеяны совет дәуірінің қара суығынан сақтай отырып, ұлттың уақытын өлтірмей, ұлттың санасын сақтауда өз рөлін атқарды. Осы мәдени-рухани саладағы баяғы ұлттық идеяны ұлттың санасында өлтірмей ұстау Желтоқсан көтерілісінде жастардың күресінен көрініс тапты. Осылайша үзілмей жеткен ұлттық идеяны жетектеген ұлттың уақыты тәуелсіздікпен бірге өзінің басты жеңісінің баянын көруге тиіс еді. Бірақ ұлт уақытын ендігі жерде мемлекеттік сана қалыптастыру арқылы ұлттық мемлекетке жету ісі күтіп тұрды. 1991 жылдан 2000 жылдарға дейін ұлттың уақытын ұлттың үміті жетектеп келді. Ұлт үміті алдануға шақ қалғанда ұлт уақытының таңдауы Алтынбек Сәрсенбайұлына түсті. Ұлт уақыты әркез тұлғаларға таңдау жасайды, топқа емес. Топ тұлғаны толықтырушы ғана рөл ойнайды.

А.Сәрсенбайұлы өз кезеңіне қажетті саяси құралмен соңына ерген топты жасақтай отырып, ұлт уақытының таңдауы өзіне түскенін бек түсініп, ұлттық идеяның негізгі мұраты – мемлекетшіл сана қалыптастыру арқылы ұлттың ұпайы тұтас ұлттық мемлекет құру жолындағы күресті бастады. Осылайша ол ұлт идеясы теңделген ұлттың уақытын жалғастырушы болды.

«Әсiресе мына бiз, демократиялық ұйымдардың бүгiнгi жетекшiлерi, iрi қоғамдық-саяси шаралар мен митингiлердi, баспасөз мәслихаттарын өткiзiп қана қоймай, азаматтық қоғамды оятумен күнделiктi айналысуымыз керек». Сәрсенбайұлының осы сөзінен ұлттық идеяның негізгі мұраты – мемлекетшіл сана қалыптастыруды көздегені анық байқалады. Көздеген мұратқа Сәрсенбайұлының өзі жете алған жоқ. Жеткізбеді. Бірақ ол күрес картасын сызып, оның бағытын, жолын, мазмұнын қалыптастырып кетті. Яғни ұлт уақытының жоспарын бекітті. Ұлт уақытының жоспары жалғастырушысын күтіп әлі тұр. 2006 жылы ұлт уақытына саяси шабуыл жасап, билік ұлт уақытын күшпен, советтік тәсілмен тоқтатқанына да 10 жылдан асты.

Сәрсенбайұлы жалғыз емес еді. Үзеңгілестері, серіктері, шәкірттері, мұраттастары болды. Ендеше, неге Алаштың екінші толқынындай ұлт уақытын қозғаушы, жалғастырушы жоқ? Бәлкім, олардың ұлтшылдық рухтарының бір қайрауы кем шығар?

Қазіргі қоғамдық-саяси алаң қаңырап бос тұр. Сәрсенбайұлының артынан ерген топ ошарылып қалған орнында әлі тұр деуге болады. Демократиялық күштердің керуені тоқтаған соң әркім өз жолын табуға тырысып жүр: біреулер биліктің түрлі бағдарламасы мен сөздерінде қылаң беретін ұлттық мәселені іліп алып, соны баса айтып, қоғамды да сол төңіректе ой топтастыруға шақырып жүрсе, енді бірі жоқ жерден пайда болған жас қайраткерге дем беріп, сол арқылы демократиялық құндылықтардың жолындағы күрес тоқтамағанын еске салғысы келеді; кейбіреуі биліктегі өз үңгіріне қайта оралды; енді біреулері саясатты тастап, өзі жақсы білетін саласына кетті; тағы бір топ «мемлекеттiң тағдыры билiк құрған режимнiң тағдырымен ғана байланысты деген қате түсiнiк пен қасаң көзқарастан арылуымыз керек» деп Сәрсенбайұлы айтқан арылуға тиісті түсініктен арыла алмай келеді. Тіпті кейде осы түсініктен арыла алмағандарын адам құқығы, сөз бостандығы, демократиялық құндылық сынды дүниелермен көлегейлегісі келеді. Және, біздіңше, бәріне ортақ белгілер де бар. Ол ұлт уақытын қозғауға, жалғастыруға әрекетсіздік дер едік. Сырт қарағанда әрекет бар сияқты көрінеді: әртүрлі мәселеге қатысты әркім пікірін айтып, әлдебір шараларға қатысып, үндеу жасап, ашық хат жазып, акция өткізіп, бір-біріне қолдау көрсетіп жатады. Бірақ батыл әрі ортақ кешенді әрекет жоқ. Осы әрекетсіздіктен олардың жеке өздері ұпай жинап, шаруасын түгендеп жүргенімен, онсыз да тоқтап тұрған ұлт уақыты ұтылып жатыр. Бастысы – осы.

Сәрсенбайұлының артынан ерген, маңына шоғырланған топтың бәрі де партияға мүше болғаны, бір мақсат жолында күрескені мәлім. Осы жерде Алаш партиясы мүшелігіне өтуге қатысты мына бір тарихи сөз еске түседі: «Алаш» программасынан таймайтын, өтірік айтпайтын, шынынан қайтпайтын, жақындық, туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді. Сыртын берсе іші басқа, тілін берсе жүрегі басқа болатын, сөзіне ісін үйлестірмейтін, «Алаш» жолынан ауып, айтысып-тартысуға жарамайтын, айнымалы мінезі бар кісі «Алаш» партиясына кірмейді. «Алаш» партиясына кіремін деген кісі осы айтылған шарттарды ойлап, толғап, жүрегі қалайтын болса ғана кіруге жөн». Сәрсенбайұлы жетекшілік еткен саяси партияға мүше болғандар, оны жан-жақты қолдағандар кейін ол қалыптастырған бағытты жалғастыра алмауының бір себебін емес, көп себебін жоғарыдағы Алаш сөзінен табуға болатындай... Сәрсенбайұлының өзі мұны сезгендей, «Демократиялық құндылықтар үшiн күрес – аса ауыр жүк, қиын еңбек. Ұзақ жылғы күрес адамды моральдық тұрғыдан да, физикалық жағынан да қажытады. Егер бұған шыдамай, оппозиция қатарынан шығып жатқандар болса, бiз оларға түсiнiстiкпен қарауымыз керек» депті. Алтынбек Сәрсенбайұлы жетектеген ұлттық идея арқалаған ұлт уақытының қазіргі күні жалғастырушысыз қалуының тағы бір себебі тап осы ауыр жүк, қиын еңбектен шаршаған қажығандық па деп ойлайсың. Әйтпесе саяси күрес жолы барынша тарылған бүгінгідей уақыттың өзін де ұлт уақытын ұрлатпай, ұлт жолындағы істі жалғастыруға мүмкін жолды ұйымдаса табуға болар еді.

Дегенмен Сәрсенбайұлына ерген топтың әрекетсіздігінің бір ұшы қоғамда жатыр. «Қазақстандықтар әдiлетсiздiкке қарсы табанды күресуге әлi дайын емес. Тәуелсiздiк алғалы берi өз таңдауын қорғап қалуды үйрене алмады, дауысты дұрыс санауды талап ете алған жоқ. Бұл – демократиялық күштердiң де кiнәсi», – деген Сәрсенбайұлының сөзінде біз айтпақ болған ой жатыр. «Көсеудің екі басы да ыстық» дегендей, екі жақта да әрекетсіздік бар.

Кезінде ұлт санасына сілкініс жасап, ұйқыдағы қоғамның беті су бүркігендей болған демократиялық күштердің Сәрсенбайұлынан кейінгі әрекет доғарысынан қоғамдық-саяси алаң қаңырап қалды. Ал қоғамдық-саяси алаң – ұлт уақытының әрекет аумағы. Осы бос қалған алаңды кейінгі жылдары «сөзіне ісін үйлестірмейтін, айтысып-тартысуға жарамайтын, айнымалы мінезі бар кісілер» толтырып жатыр. Бұлардың ұраны ұлттың қамы сияқты көрінгенімен, әрқайсысы тұтанған шырпыдан от алып алау жағып, ұлт уақытына жол сілтеуге құштар. Бар әрекет сол ғана. Осылайша қоғамдық-саяси алаң бөзін жібек деп өткізгісі келетін базардағы айғайшы саудагерлердей адамдарға толды. Алаңның мұндай адамдарға толуы ұлт уақытын жалғастырушы жоқтықтан, Сәрсенбайұлынан осы ұлт уақытын алға сүйрейді деген топтың әрекетсіздігінен.

Ұлт уақытын күштеп тоқтатқан биліктің өзі де қазір тоқтаған уақыттың зардабын тартып отыр. Онсыз да «Мемлекет дамуының векторы түсiнiксiз, мемлекеттiң 20, 30 және одан да көп жылдарға арналған стратегиялық бағыт-бағдары жоқ» (А.Сәрсенбайұлы) еді. Ал ұлт уақытын тоқтатқан соң билік белгісіздікке душар болады. Ал уақыт тоқтап тұр, ұлт уақыты. Ол уақытпен бірге ұлттың арман-тілегі, мақсат-мүддесі, ұлттық – мемлекеттік санасы және осының бәрінің қозғаушы күші – қазақ ұлтшылдығы да тұсауланып тұр.

Ендігі жерде таңдауды ұлт уақыты емес, біз жасауымыз керек: ол, сен, мен – бәріміз! Сөз ішінде айтылғандай, Сәрсенбайұлына дейінгі және Алтынбектің өзі қалыптастырған бағдар, жол, мазмұн дайын. Демек, бізге таңдау жасар сәт жақындап келеді.

Таңатар ТАҒАН,

"Жас Алаш" газеті