- «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партия жанындағы «Мирас» республикалық кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.
Парламент Мәжілісінің депутаты, партияның сайлауалды бағдарламасының «Бірлік пен келісім» бағыты бойынша партиялық кураторы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен өткен іс-шараға Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, уәкілетті орталық мемлекеттік органдардың өкілдері және «Мирас» республикалық кеңесінің мүшелері қатысты.
Отырыстың күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан құрылған республикалық ономастикалық және терминологиялық комиссиялардың аралық қорытынды жұмыстарын талқылау, сонымен бірге «Мирас» кеңесінің 2016 жылғы жұмыстарын қорытындылау, сондай-ақ келер жылғы жұмыс жоспарын бекіту мәселесі қаралды.
Ономастика және терминология саласындағы атқарылған іс-шаралар туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова баяндама жасап: «Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктердің бірі - жер-су, объектілернің атауларына бірыңғай көзқарасты қалыптастыру, олардың есебін жүргізу тарихи атауларды қалпына келтіру мақсатында Ономастика комиссиясының жұмысы жолға қойылып, осы жылдар ішінде республика бойынша 1348 елді мекеннің, 6 қала, 1305 білім, мәдениет және спорт мекемесінің, 7958 көше мен даңғыл атауы өзгертілді», - деп хабарлады.
Сондай-ақ, вице-министр терминология саласы бойынша 2011 жылға дейін бекітілген терминдердің саны 10 мыңға жуық болса, 2015 жылы 3 мың термин, ал биыл 5 мыңнан аса термин бекітілгенін жеткізді. Комиссия бекіткен терминдердің жалпы саны 18 мыңды құрайды екен. Сондай-ақ, алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама аясында бекітілген терминдердің санын 27 мыңға жеткізу көзделуде. Өз кезегінде мәдениеттанушы, публицист Серік Ерғали терминология саласын ғылым ретінде қалыптастырып, дамыту үшін лингвистикалық орталықтар мен кафедралар жанына терминология институтын құру керектігін айтты. Айта кетейік, партияның Саяси кеңес бюросының шешіміне сәйкес орталық және өңірлік деңгейдегі «Мирас» кеңесіне партияның сайлауалды бағдарламасының «Бірлік пен келісім» бағытының орындалуын мониторингілеу, сонымен қатар, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуын партиялық бақылау жасау қызметтері жүктелді. Осыған орай, «Мирас» республикалық кеңесінің құрамы тіл саясаты саласының кәсіби сарапшыларымен, сондай-ақ, бірлік пен келісімді қамтамасыз ету, ҚХА өкілдерімен жаңартылды.